10 мың түп қаратал көшеті отырғызылды
Тараз қаласында «Таза қала» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Қала көшелері, аулалары, саябақтары мен қоғамдық орындары тазартылып, тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.
Сәтпаев көшесіндегі №17 және №19 үйлердің маңына 250 түп тал егілді. Іс-шараға қала тұрғындары, ардагерлер және жастар белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар, Тараз қаласында жасыл аймақтарды кеңейту мақсатында «Қызылабад» алқабында 10 мың түп қаратал көшеті отырғызылды. Жоспар бойынша бұл аумақта жалпы 20 мың түп ағаш егу көзделген.
«Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде «Қарасу-2» каналының бойы тазартылып, арық жүйелері мен су өткізу арналары қалпына келтірілді. Аталған жұмыстар су тасқынының алдын алуға және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған. Осындай экологиялық іс-шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін акцияға 16,8 мың адам және 850-ден астам кәсіпорын мен мекеме қатысқан. Нәтижесінде 45,8 мың көшет отырғызылып, 1,5 мың шақырым көше жолдары мен 410 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазаланған. Сонымен қатар, 72,4 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер абаттандырылып, 1,8 мың тонна қоқыс шығарылды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да елеулі нәтижелер бар. Тараз және Қаратау қалаларында жасыл желектерді цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық платформа іске қосылды. «Телеграм-бот» арқылы тұрғындардан 263 өтінім қабылданып, олардың басым бөлігі уақытылы қаралды.