«Эрсад-2021» – бірегей кәсіпорын

0 29

Үш жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен, жергілік­ті жерлерде тиімді жұ­мыс жүргізілуі керек. Әкім­дер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс», деген еді. Прези­дент тапсырмасын орын­дау бағытында Жам­был өңірінде ауқымды жұмыс­тар атқарылып келеді.

Жамбыл өңірінің өнер­кәсіп саласы туралы сөз болса, ойымызға бірден «Қазфосфат» ЖШС мен «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты ке­ле­тіні рас. Сол «Super Pharm» ЖШС-на қарасты зауыт­тың қа­­сынан бой көтерген «Эрсад-2021» кәсіпорны да бірне­ше жыл бойы медицина саласына қажетті бұйымдарды үздік­сіз шығарып жатыр. Пандемия кезінде құрылысы бас­талған өндіріс ошағының бас­шылары 2022 жылы жұмыс­ты нақты бір жолға қойып, жылма-жыл өнім көлемін арттыруға басымдық берді.

– 2022 жылы жұмысын бас­таған бұл кәсіпорын мұнай өнімдері қалдықтарынан медицина, құрылыс, ауылша­руашылығы және автожол саласына қолданылатын экологиялық таза тоқыма емес мата материалын өндіретін бірден-бір зауыт саналады. Кәсіпорын басшылары жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып жатыр.

Зауыт ұжымы былтыр 308,2 тонна яғни, 278,3 миллион теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс ошағы ашылғалы бері мемлекеттік бюд­жетке 99 миллион теңгеден астам салық төледі. Бұл кәсіпорын басшылығы мен жұмыс­шылардың еселі еңбегінің арқа­сында мүмкін болып отыр, – дейді Жамбыл ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбай.

Бірнеше жыл бұрын жаңа зауыттың ашылу салтанатында сөз алған «Super Pharm» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Қай­молдаев кәсіпорын жұмы­сын жүйелеуге сол кездегі пан­демияның айтарлықтай әсер еткенін айтқан еді. Қысылтаяң шақта жаңа істі қолға алған серік­тестік басшысы бірінші кезекте шикізатқа деген тәуелділікті жоюды мақсат тұтқан.

– Енді біз өндіріске қажетті шикізат үшін көршілес мемлекеттерге тәуелді болмаймыз. Уақытында айтарлықтай қиын­дықтармен бетпе-бет келгеніміз рас. Оның несін жасырамыз? Шикізат жетеді дегенше уақыт­тан ұтылдық. Жолымызды бөге­ген мәселелер болды. Сол уақытта қажетті құрыл­ғыларды сатып алып, жедел іске кірістік. Мәселен, жол құрылысында бетонның астына салынатын матаны өндіруді ойластырдық. Сондай-ақ жиһаз­ды қаптайтын маталарды өндіру жағын да қарастырдық. Ал, ме­ди­цинаға қажетті бұйымдар ілге­ріден бері өндіріледі ғой, – дейді Қ. Қаймолдаев.

Қуат Ошақбай келтірген мәліметке сүйенсек, «Эрсад-2021» кәсіпорны медицина саласында бір рет қолданылатын (спанбод) тоқыма емес мата өндіреді. Өнім жұқа полимерлі жіптен жасалатын көрінеді. Сонысымен сапалы деседі.

– Жоғарыда айтылған мате­риал­дан медицина саласына қажетті арнайы бірреттік киім тігіледі. Бұдан бөлек, аяқкиім, медицина қызметкерлеріне арналған қалпақтар мен халаттар, бетперде, төсеме өндірілетінін айта кеткен жөн шығар.

Жалпы алғанда, зауыт қыз­мет­керлері шығаратын өнім­дерді сала мамандары сапа тұрғысынан жоғары бағалаған. Түрлі тәсілдер арқылы жасалатын бұйымдардың залалсыздандыру қабілеті жоғары деседі. Суды дер кезінде қайтара­ды екен. Сонымен қатар, ауаның өтуіне мүмкіндік тудырады, – дейді Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қ.Ошақбай.

Ресми дерекке жүгінсек, «Эрсад-2021» зауытында қазіргі кезде 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақысы – 300 мың теңге. Сондай-ақ кәсіпорын басшылары жұмысшыларды ыстық тамақпен қамту, оларды арнайы қоғамдық көлікпен тасу жұмысын жолға қойған. Бір сөзбен айтқанда, зауыт қыз­меткерлерінің алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай қарастырылған.

Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпорын өндіретін өнім көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Зауыт басшылығы бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Олар келтірген дерекке сенсек, өндірілген өнімді негізінен Шымкент, Алматы, Тараз секілді өзге де бірнеше қаладағы мекемелер тұтынады.