Қуыршақтар ауылы
Жапониядағы Нагорода ауылының тұрғыны Цукими Аяно кішкентай кезінде ата-анасымен бірге қалаға көшіп кеткен. Бірнеше жылдан соң туған жеріне оралса, жерлестерінің саны 300 адамнан 40 адамға күрт азайған.
Мұны көріп Аяно қатты қынжылады. Содан бастап, жапондық әйел адам бойлас қуыршақтарды жасай бастайды. Кейбірі бұрын сол жерде тұрған кісілерге ұқсас болды, кей бейнелер суретшінің қиялынан туды. Осылайша, Аяно бала кезіндегі көріністі, ауылдағы қайнап жатқан тіршілікті қайта жаңғыртқысы келді.
Бір қызығы, қазір Нагородан 400-ден астам қуыршақты көруге болады. Бұл жер көңілге қорқыныш ұялататындығына қарамастан, туристер баратын көрнекі орынға айналып, бейресми түрде «Қуыршақтар ауылы» деген атауға ие болды.