Автогаз тапшылығы азаяды

0 24

Еліміздің бірқатар өңірлерінде сұйытылған мұнай газының тапшылығы бүгінде барша жұртты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе облыс тұрғындарын да айналып өтпеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәжілісінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов бүгінде аймақта қалыптасқан ахуал туралы айтып өтті. Басқарма басшысының сөзінше, облыстың транзиттік әлеуетіне байланысты жаз айларында автогаздың тұтыну мөлшері артуы заңды құбылыс.

– Бүгінгі күні облысымызда автогазға деген қажеттілік 8000-8500 тоннаны құрайды. Облыс көлемінде 29 газ желісі ұйымы бар, сұйытылған мұнай газы 217 автогаз құю бекеті арқылы сатылады. Бұдан бөлек, Энергетика министрлігі тоқсан сайын өңірлерге сұйытылған мұнай газын бөліп отырады. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанына өңірге 17600 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді. Облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолының 558 шақырымы өтеді, сондай-ақ біздің облыс еліміздің оңтүстік бөлігін солтүстік, батыс, шығыс аймақтарымен байланыстыратын транзиттік өңір болып табылады. Жаз мезгілі кезінде жүк, жолаушы және шет елдерінде тіркелген автокөліктердің қарқындылығы екі есе артатынын және олар сұйытылған мұнай газын пайдаланатынын ескеру қажет, – дейді Ғалым Исабайұлы.

Бұл ретте басқарма басшысы республика көлемінде сұйытылған газдың тапшылығы шамамен 20-25 пайызды құрайтындығын айтып өтті. Облыстағы автогаз тапшылығын шешу мақсатында бұған дейін бөлінген сұйытылған мұнай газынан бөлек, Шымкент қаласындағы «Петро Қазақстан Ойл Продактс» зауытынан қосымша 972 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінгенін, жақын күндері 27 вагон-цистернаның келетіндігін жеткізді.

Айта кету қажет, 1 шілдеден бастап Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, облыс орталығы мен оған жақын аудандардағы автогаз толтыру бекеттерінде сұйытылған мұнай газының 1 литрінің бағасы 78 теңге, 200 шақырымнан асатын бекеттерде 83 теңгені құраған болатын. Ғалым Исақовтың айтуынша, елімізде автогаз бағасы көрші елдерге қарағанда едәуір төмен бағада сатылуда. Мәселен, сұйытылған мұнай газының 1 литрі Ресейде – 171 теңге, Қырғызстанда 149 теңге болса, Әзербайжанда – 323 теңге, Тәжікстанда – 183 теңге.