Сырғалы жеңге, сұлу қыз

0 35

Т. Рысқұлов атындағы тірек мек­те­­бінде бастауыш сынып білім алу­шыларының «Сырғалым» жеңгелер клубы кезекті шебер сабағын «Жаһан­дану жағдайында қазақтың дәстүрлі отбасындағы қыз балаларға тәрбие берудің ұлттық және заманауи мүм­кіндіктерін түсіндіру» мақсатында өтті. Сабақты мектебіміздің тәжірибелі ұстазы Балтабекова Гүлмира Төлеутай­қызы жүргізді. Бастауыш сы­ныбынан шақырылған жеңгелер қа­зақтың ұлттық киімдерімен, жа­расымды келбеттері көңілімізді көтеріп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

— Сабақ барысында халқымыздағы қыз бала тәрбиесі арқылы отбасы бақытын сақтау құпияларымен бөлісіп, ұлттық тәрбиемізді жас ұрпаққа мұра ретінде қалдырып, ұрпақтар са­бақ­тастығын сақтауға шақырды. Сабақ бүгінгі күннің өзекті мәселесі «Жа­һандану заманында қазақ қыздары қандай болғаны дұрыс?» деген проб­лемалық сұрақпен «Воркшоп» әді­­сі­мен басталды. Келген қонақтар өз пікірлерін бір сөзбен, тізбектей жал­ғастырды.

Шындығында, қазіргі жаһандану заманындағы қазақ қызына талап бұрынғыда да көп екен. Ал, осы талаптарды қоятын, бойына сіңіретін, күнделікті өмірде халқымыздың асыл құндылықтарын айтып, дәріптеп жүрген ата-ана жұмыстан қолы босамай жүр.

Сабақта Гүлмира Төлеутайқызы ұлттық құндылықтарымыздан мына бір мысалды келтірді. «Қазақтың дәс­түрлі қоғамында жеңге институты қыз тәрбиесінде маңызды рөл атқарған. Қыздың жеңгелерінің барлығы қайын жұртының атын атамай, жанама ат қойған. Ал қыз бала оң босағада отырғанда болашақ күйеуінің туыстарын атымен атамауды санасына сіңіріп өседі. Жеңгелерінен, шешесінен көргені оң жақта отырған қыздың тәрбиесіне үлкен әсер еткен». Осы бір керемет дәстүрдің қоғамдағы алатын орнынын былай деп қорытты: «Демек, жеңгелерінен, ана­сынан үлгі-өнеге, тектілік тәлімін сіңіріп өскен қыз баласы өзге шаңыраққа бақ болып, құт болып қонып, аялы жар, ардақты ана, қайын-сіңлілеріне өнегелі жеңге ретінде келешегінің іргетасына алтындай кірпіш болып қаланған».

Сергіту сәті ретінде шебер сабағымыз «Мақалды жалғастыр» ойынымен ұласты. Сіз де мақалды жалғастырып көріңіз.

Келіні жаман емес……..

Келін қыз болмас……….

Жақсы енені жаман келін жер қылады…….

Келіннің зекіп айтқаны……..

Көңілсіз берген тамағы………

Жау сырыңды алса да, …….

Ел анасы – қыз…….

Төркіні тентек келіннің тілі ұзын,….

Сабақ «Қайын сіңлінің көмегі», «Ат қоя білу – өнер» деген қызықты әңгімелермен жалғасты. Ат қою туралы «Халқымыздың бойы­на сіңген дәстүр бойынша, келін бала алдымен түскен жерінің үлкен-кі­шісіне, ерлер мен әйелдеріне өзінше ат қоя білуі тиіс. Ол қазақта «ат тергеу» деп аталады.

Ат тергеу дегеніміз – қайын жұртын тікелей атымен атамай, арнайы ишаралап ат қою дәстүрі. Бұл жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, әдебінің игі көріністерінің бірі болып саналады. Ат тергеу кезінде жаңа түскен келіннің тапқырлығы, сөзге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған» деген дәстүрімізді еске түсірді.

Сабақ соңында «Бейәдеп қызды тәрбиелеу мүмкін емес» белгілі дра­матург Сая Қасымбек қыз баланың тәрбиесі отбасынан басталады дейді. Оның айтуынша, қыз бала отбасында бейәдеп қылықтарды көріп өссе, оны қайта тәрбиелеу мүмкін емес дейді.Үлкен тойларда «Құдағи, қызым көп уақытын білім алумен өткізді, үй шаруасына икемі жоқ, әрі қарай өзің тәрбиелеп аласың» деп жатады. Сабақ соңында «Сырғалы жеңге, сұлу қыз» тақырыбын «Үлкен бақытқа қол жеткізу үшін үлкен еңбек сіңіруді ұмытпайық» деп қорытындылады.

2023-2024 оқу жылында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау ор­талығының», «Даналық мектебінің» са­бақтарына үнемі қатысып, белсенділік танытып жүрген, мектеппен мүддесі бір, жауапкершілігі мол ата-аналарға алғысымыз шексіз.