Алғашқы үй пайдалануға берілді

0 18

Үстіміздегі жылы Байзақ ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша 18 үй салу жоспарланса, соның алғашқысы Көптерек ауылдық округінің Кеңес елді мекенінде берілді.

Көптерек ауылдық ақсақалдар кеңесінің шешімімен және ауыл әкімінің ұйымдастыруымен, көптің көмегімен салынған, жылу жүйесімен, орталықтандырылған ауызсумен, газбен қамтылған, жалпы көлемі 143 шаршы метрді құрайтын бес бөлмелі еңселі үйдің кілті Кеңес ауылындағы Ж.Науатов көшесінің тұрғыны Алтын Қарқынбаеваға табыс етілді. Аталмыш баспананың салынуына мектеп бітіргендеріне 20 және 30 жыл толған түлектердің қосқан үлестері мол. Ауылдас ағайындар мен қолы ашық кәсіпкерлер де дәстүрге айналған «Асарлатып үй салу» жобасына белсене атсалысқанын атап өткен орынды.

Отбасының осы қуанышын бөлісуге арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина баспаналы болған тұрмысы төмен отбасын қуаныштарымен құттықтады. Ауыл тұрғындары атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжасар Ермаханбетов, еңбек ардагері Абдрахман Кенжебаев та жүрекжарды лебіздерін арнаса, баспана иесі Алтын Қарқынбаева көмек қолын сөзған ауылдастарына аналық алғысын жеткізді.

Жаңа баспананың лентасы салтанатты түрде қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Айтулы іс-шараға белсенді атсалысқан азаматтарға аудан әкімі атынан Алғысхаттар табысталды.