Таиландта қаланы маймылдар басып алды

0 19

Таиландтағы Лопбури туристік қалашығын маймылдар басып алды. Олар жергілікті сатушылардан және туристерден азық-түлік пен басқа да заттарды ұрлап, ойран салады. Маймылдармен күресу үшін аймақтық полицейлер шара қолдана бастады.

Лопбури Бангкокқа жақын жерде орналасқан. Бұл жер туристерді көшеде жайбарақат жүретін көптеген маймылдарымен қызықтырады. Дегенмен, соңғы уақытта маймылдар тым көбейіп кетті. Маймылдар бір-бірімен жаппай төбелес ұйымдастырады. Тәртіпті қалпына келтіру мақсатында қалалық полицейлер маймылдарды қорқыту үшін айырсадақтармен қаруланған.

«Мен маймылдардың ықтимал қауіп-қатерін білемін. Олар туристер мен жергілікті тұрғындарға қауіп төндіре бастады. Қазір біздің офицерлер алып жүрген айырсадақтар (рогатка) қажет кезде маймылдарды қорқытуға көмектеседі», деді полиция генерал-майоры Апирак Вечканкана.

Оның айтуынша, тіпті маймылдармен күресетін арнайы полиция бөлімшесі құрылады.

Ұлттық саябақтар, жабайы табиғат және табиғатты қорғау департаментінің қызметкерлері де ең көп таралған макакаларды ұстап алып, қаладан басқа жерге көшіріп жатыр.