Жолаушылар ұшағына найзағай түсті

0 11

Үндістанның Лакхнау қаласында қонуға бет алған IndiGo әуе компаниясының «Airbus A320» ұшағына найзағай түсті. Борттағы 104 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі аман-есен қонды.

«The Times of India» дерегінше, ұшақ Патнадан Лакхнауға бағыт алған. Ұшқыштар әуе диспетчерлеріне найзағай соққанын хабарлағанымен, ұшу кезінде әуе кемесіне келген зақымның көлемін анықтай алмаған. Ақау ұшақ тұраққа қойылғаннан кейін белгілі болды.

Найзағай ұшақтың тұмсығындағы метеорадарды қорғайтын бөлігіне зақым келтірген. Мамандар ұшақтың рейстерін уақытша тоқтатып, техникалық тексеру мен жөндеу жұмыстарын бастады. Ұшақтың қайта рейске шығуына Үндістанның Азаматтық авиация бас басқармасы рұқсат беруі тиіс.