Испанияда соңғы 20 жылдағы ең күшті нөсер жауды

0 13

Испанияның Каталония өңірінде соңғы 20 жылдағы ең күшті нөсер жауып, өңірде төтенше жағдай қаупі туындады. Билік бірнеше ауданға «Es-Alert» шұғыл дабылын таратып, тұрғындарға қажетсіз жағдайда жолға шықпауға қатаң кеңес берді.

Метеорологтардың мәліметінше, Барселона мен оның маңындағы аудандардағы жауын-шашын мөлшері шектен тыс көп түскен. Мәселен, Раваль мен Диагональ аудандарында соңғы 18-21 жылдағы көрсеткіштер жаңартылып, кей жерлерде бір шаршы метрге 200 литрге жуық су құйған. Бадалона маңы да стихияның соққысына ұшырады.

Апат салдарынан Бесос өзені арнасынан шығуға шақ қалып, қауіпті деңгейге жетті. Санта-Колома-де-Граменет қаласында өзен ағымы секундына 520 текше метрге дейін жылдамдап, маңайдағы саябақтар мен жаяу жүргіншілер жолдары жабылды.

ТЖМ қызметкерлеріне көмек сұраған жүздеген қоңырау түскен. Құтқарушылар су астында қалған көліктердің ішінен адамдарды шығарып жатыр. Тіпті кейбір азаматтар аман қалу үшін көліктің төбесін паналауға мәжбүр болған.

Бұдан бөлек, теміржол қатынасы да істен шықты. Каталония бойынша қалааралық пойыздардың көбі тоқтатылып, тек санаулы бағыттар ғана қозғалысын сақтап қалды. Сонымен қатар Баск еліндегі Бискайя провинциясында жолдарды су басып, 150-ге жуық төтенше оқиға тіркелді.