Шаршы тақта шеберлері анықталды

0 26

Меркі аудандық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, Асанбай Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжінде жылдам шахматтан аудан кубогының 1-кезеңі болып өтті. Аталған турнирге Меркі және көршілес Т.Рысқұлов ауданынан, барлығы 30-ға жуық шахматшы қатысып, бақ пен баптарын сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында аудандық шахмат федерациясының президенті Тынышбек Кембай, Т.Рысқұлов ауданы шахмат федерациясының президенті Жандос Адебаев және ардагер шахматшы Марат Бекбауов сөз сөйлеп, шахматшыларға сәттілік тіледі.

«Сен тұр, мен атайын» деген теңеуге сай келетін кілең мықты спортшылар қатысқан шахмат жарысы өте тартысты өтті. Нәтижесінде меркілік Олег Александрович өз өнерімен топ жарып, жеңімпаз атанды. Екінші орынға Құланнан келген ойшыл спортшы Жандос Адебаев жайғасты. Ал, 3-орын меркілік Илья Кармаевқа бұйырса, 4-орын құландық Қанат Сәлімбайдың қанжығасына бай­ланды.

Ал, ардагерлер арасында өткен додада Тынышбек Кембай 1-орынды өз уысынан шығармай ұстап, жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарға меркілік шахматшылар Асқар Туғанбаев пен Марат Бекбауов лайықты деп табылды.

Қыздар жағына келсек, 1-орынға спортшы қыз Диана Сүлейманова, 2-орынға Камила Асланқызы шықты, екеуі де меркілік екенін айта кетейік. Ал, 3-орын Құланнан келген қыз Айару Қайыповаға бұйырды. Айару былтыр 6 жасар қыздар арасында өткен жылдам шахмат сайысында республика, Азия чемпионы атанған болатын.

Жүзден жүйріктер анықталған жарыстың соңында жеңімпаздар мен жүлделі орын алған спортшыларға медаль, диплом, кубоктар салтанатты түрде тапсырылып, демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болды.