Пәкістан бизнесі ынтымақтастыққа ниетті

0 30

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Пакістан Ислам Республикасының Лахор қаласындағы Құрметті Консулы және «Habib Syndicate» бас директоры Рао Халид Махмудпен және «Green Earth Recycling» ЖШС директоры Зафар Жаведпен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы қонақтарды аграрлық-индустриялық өңір саналатын облысымыздың мүмкіндіктерімен қысқаша таныстырды. Ал Халид Махмуд екі елдің маңызды сауда серіктестігін ескере отырып, Пәкістан бизнесі Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, Лахор қаласында «Қазақстан үйінің» ашылуы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және екі ел халықтарының жақындасуына оң әсер еткен.

Басқосуда сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктері сөз болды. Атап айтқанда пластмассаны қайта өңдеу, құс фабрикасын салу бойынша өзара тиімді жобаларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.

Бұл орайда Ербол Қарашөкеев облыс басшылығы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға және қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.