Оразаға қалай дайындалу керек?

0 25

Он екі айдың ең ұлысы саналатын қасиетті Рамазан айына санаулы күндер қалды. Сондықтан дайындықты қазірден бастаған абзал.

Алдымен ниет етіп, артық ойлардан арылып, тәрбие жағынан түзеліп (жаман сөз айтуға, адамдармен ұрсысып, ренжісуге, балағаттауға, өсек айтуға болмайды), үйіңіздің ішін-сыртын тазалап, ұйқы режимін дұрыстаңыз және ас мәзіріне өзгеріс енгізіңіз. Жалпы, ораза кезінде майлы және қуырылған тағамдардан, қанттан бас тартып, пайдалы әрі құнарлы тағамдарды жеген жөн.

Дәрігерлердің айтуынша, ауыз ашарға қандағы глюкоза деңгейін тез қалпына келтіретін тағамдарды жеу маңызды, өйткені ұзақ уақыт аштықтан кейін ағзадағы глюкоза деңгейі төмендеуі мүмкін, деп жазады Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы.

Бұл айда жеміс-жидек пен көкөніс, кептірілген жемістер, шырын сияқты оңай сіңетін көмірсуларды тұтыну ұсынылады.

Сәресі кезінде ағзаға қуат беретін тағамдар жеген дұрыс және тамақты асықпай, аз-аздан жеу қажет. «Қарным ашып қалады» деп, қатты тойып алмау керек және сәресі уақытына дейін бірнеше стақан су ішуге тырысу қажет (егер су ішуді ұнатпасаңыз, айран, қантсыз компот, өсімдік шайларын, минералды су секілді сұйықтықтарды ішіңіз).

Тұзды өнімдерден, тұздалған қияр, қызанақ, түрлі тұзды салаттар мен балықтан бас тартыңыз. Сондай-ақ, ас мәзіріңізден тәттілерді (кондитерлік өнімдер, торт, тәтті бәліштер) алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, қарныңызды тез аштырады.

Рамазан айында тәттілерді көбірек қолдану қан қысымыңызды көтереді. Тек ауызашардан кейін екі-үш сағаттан соң ғана тәттілердің орнына құрма, кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ қолданыңыз.

Рамазан айында жүйесіз тамақтанған адамдарда әлсіздік, депрессия, асқазанның ауруы және ас қорыта алмауы, қан қысымының төмендеуі сияқты көптеген жағдай байқалуы мүмкін. Сондықтан оның алдын алған абзал.

Aikyn.kz