БАСПАНА БАҚЫТЫНА БӨЛЕГЕН БАҒДАРЛАМА

0 13

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, қала бойынша мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінде 20521 азамат тіркеліп тұр. Былтыр 384 пәтерден тұратын жеті тұрғын үй пайдалануға беріліп, тізімдегі баспанаға мұқтаж азаматтарға бөлінген. Ағымдағы жылы 60 пәтерден тұратын тағы төрт тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Былтыр өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әрі жас отбасыларды қолдау мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолға алынған болатын. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, жастарға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүзеге асқан. Нәтижесінде 37 адам баспаналы болып, шаттыққа бөленсе, бір жас үй іздестіруде. Ал үш азамат банктің іріктеуінен өтіп жатыр. Олар да таяу күндері қуанышқа кенелмек. Солардың қатарында бағдарламаның игілігін көрген Самат Бекболатов есімді қала тұрғыны да бар.

– Әрине, «Өз үйің – өлең төсегің» ғой. «Әулиеата жастары» бағдарламасы басталмай тұрған кезде «Отбасы банк» ұсынатын көптеген бағдарламаларға қатысып жүрдім. Бірақ жолым бола қоймады. Бірден баспана сатып алатындай қомақты қаржым да болмады. Сөйтіп жүргенде жастарға жеңілдікпен үй ұсынатын «Әулиеата жастары» бағдарламасы бар екенін естідім. Сайт арқылы барлық құжаттарымды өткізіп, конкурс шешімін күттім. Кейін портал арқылы өткенімді білдім. Аллаға шүкір, өзімізге ұнаған үйге қол жеткізіп, қуанышымызда шек болмады. Жалпы жастарға қолдау көрсеткен мемлекетімізге мың алғыс. Бүгінгі таңда үйсіз жүрген жастар өте көп. Сондықтан осындай ел игілігіне жұмыс істейтін бағдарламалардың жалғаса беруіне тілектеспін, – дейді Самат.

Аталған жоба биыл да өз жалғасын таппақ. Десе де былтырғымен салыстырғанда жобада айтарлықтай оң өзгерістер бар екен. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, жоспарға сай биыл бағдарламаға 2 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның 1 миллиарды – жергілікті бюджеттен, қалғаны – «Отбасы банк» тарапынан. Осы арқылы биыл 140 жас отбасыны баспанамен қамту жоспарлануда.

– «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы бір жылға ғана жасалған болатын. Ал биыл 2023-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылады. Бұл келісім үш жылға әзірленген. Сондай-ақ ережедегі тағы бір ерекшелік – әкімші, яғни басқарма комиссияның шешімі шыққан күннен бастап он жұмыс күні ішінде комиссия шешімін сайтқа енгізуге міндеттеледі. Ал қатысушы комиссия шешімі шыққан күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде төлем қабілеті бойынша құжаттардың толық пакетін ұсына отырып, банкке жүгінеді. Егер осы мерзім аралығында толық құжаттар пакетін ұсына алмаса, іріктеуден өтпеді деп танылады, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы іріктеуден өткен қатысушыға қарыз сомасы 13 миллион теңгеге дейін берілсе, биыл оның көлемі 15 миллион теңгеге дейін артқан. Сонымен қатар бағдарламаға қатысатын салаларда да ерекшеліктер бар. Айталық бұрын бес сала қатысатын болса, биыл оның аясы кеңейген.

– Денсаулық сақтау саласында бұрын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қатысқан болатын. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдар тек қана екі бағытта еді. Биыл аталған сала бойынша коммуналдық мемлекеттік мекемелер де қосылып отыр. Демек бейінді қызметкерлер де қатыса алады. Сонымен қатар білім саласы бойынша мемлекеттік емес балабақшалардың тәрбиешілерінің қатысуына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ мәдениет пен спорт салаларының коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде еңбек ететін мамандар да санатқа енгізіліп отыр. Алтыншы болып дін саласының қызметкерлері қатыса алады. Оған облысымыздағы дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері жатады. Ал журналистика саласы бойынша республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының облысымыздағы меншікті тілшілері де қосымша енгізіліп отыр, – дейді басқарма басшысы.

Қатысушыларға қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдеген. Айталық, тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана үй алу шарты алынып тасталды, яғни қатысушы қай елді мекеннен үй алғысы келсе, сол жерден баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Қатысушыларға ұпай беру кезеңінде бұрын төрт критерий бойынша бағаланып, жұмыс өтіліне, бала санына, неке жылдарына және депозиттік шоттағы алғашқы жарна сомасына қарай ұпай берілетін. Қазір жұмыс өтіліне және депозиттік шоттағы алғашқы жарна сомасына қарай ұпай беру алынып тасталған. Сондай-ақ некедегі жылдарына бұрын екі жылға дейін бір ұпай, бес жылға дейін екі ұпай болса, қазір әр жылы үшін бір ұпай және әр бала үшін бір ұпай берілетін болып өзгертілген. Себебі бағдарлама жас отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар төмендегі жеті анықтама толық болуы шарт. Олар – жеке куәлігінің түпнұсқасының электрондық көшірмесі, азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің электрондық көшірмесі, балаларының туу (қайтыс болу) туралы куәлігінің түпнұсқасының электрондық көшірмесі, бағдарламаға қатысушының және жұбайының Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүлкінің бар-жоқтығы туралы анықтамасы, берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы, мекеме атауы, алты айлық зейнетақы аударымдары көрсетілген ұйымның /мекеменің фирмалық бланкісіндегі жұмыс орнынан анықтама, сонымен қатар «Отбасы банк» мобильдік қосымшасы ұсынатын QR коды бар жинақ шоты анықтамасының электрондық көшірмесі. Бұл құжаттар отбасын құрған азаматтарға арналған. Ал отбасын құрмаған немесе ажырасқан азаматтар үшін құжаттар саны қысқарған. Бұл талаптар «Отбасы банк» АҚ тарапынан қолдау табатын болса, биыл осы ереже аясында жұмыс жасалмақ.

Керегесі күннен-күнге кеңейген көне шаһарда тұрғын үйлер де көптеп салынуда. Мәселен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2021 жылы 13 кредиттік, 10 арендалық тұрғын үй, ал өткен жылы 23 кредиттік, 2 арендалық тұрғын үй ел игілігіне берілген болатын. Бүгінгі таңда 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін екі көпқабатты тұрғын үй қабылданған. Ал қалған үйлерді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде. Сондай-ақ алдағы күндері жалпы аумағы 917418 шаршы метр болатын 14402 пәтер салынады деп жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде аталған аумақта көпқабатты тұрғын үйлер саны 144-ке дейін өсіп, 967 жеке тұрғын үй салынып үлгерген. Жалпы өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің аумағы 354,5 мың шаршы метрді құрайды. Тұрғындарды баспанамен қамтуға да ерекше көңіл бөлініп, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделген.

Ендеше «Әулиеата жастары» бағдарламасы әлі талай жасты қуанышқа бөлейді деп сенеміз.