Мәжіліс пен мәслихат сайлауына үміткерлерді ұсыну басталды

0 17

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекітті.

«Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні», – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ОСК отырысында.

Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. «Дауыс беруді аяқтаудың өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды. Осылайша, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлаудың жалпы ұзақтығы – тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 59 күн болады», – деді ОСК төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, еліміздегі 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайлауға түседі. «Қазақстан Республикасында әртүрлі деңгейдегі 223 мәслихат бар. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихаттарда мандаттар саны 3415 екені анықталды. Олардың барлығы 19 наурыздағы сайлауға қатысады. 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаттығына кандидат бола алады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады», – деді ол.

Әулиеата-ақпарат.