Кітапханашылар есеп беріп, тәжірибе алмасты

0 42

Жуырда Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен Өрнек ауылдық мәдениет үйінде «Кітапханалар – аймақтық әлеуметтік-мәдени кеңістіктің бір бөлігі» атты аймақтық семинар өтті.

Онда аудандық орталық кітапхана кітап қорын толықтыру бөлімінің кітапханашысы Ақмарал Қырықбаева ауылдық округтерден  келген кітапханашыларға «Алфавиттік каталогпен жұмыс жасау» әдістерін жете түсіндірді. Сондай-ақ Құмтиын, Жасөркен, Бесағаш ауылдарының кітапханашылары жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ал Ерназар, Тоғызтарау, Жұма, Өрнек ауылдарының кітапханашылары үш бөлімнен тұратын «Кітап – рухани асыл қазына» атты әдеби-сазды кешті бірлесіп ұйымдастырды. Бірінші бөлім қазақтың біртуар азаматы, халық жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналды. Тоғызтарау ауылының кітапханашысы Ақайша Жұмабекова Шерағаның өмірі мен шығармашылығы жайлы салмақты сөз сабақтаса, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің оқушылары Адина Сабыралы «41-ші жылғы келіншек» туындысынан монолог, Әсел Тамдыбек «Бір кем дүние» әңгімелер жинағынан үзінді, Дилназ Дәулетбек «Шерхан шерім» арнауын мәнерлеп жатқа оқыды.

Балалар жылына орайластырылған екінші бөлімде балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың шығармашылығы дәріптелді. Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің оқушылары сахналық көрініс көрсетсе, мектеп жанындағы «Мейірім» шағын орталығының бүлдіршіндері тәрбиеші апайы оқыған «Шалқан» ертегісін ұйып тыңдады.

Үшінші бөлімде рухани құндылықтарға мән берілді. Белсенді оқырман Жанар Сәтінбай «Жамбылым» өлеңін оқыса, өрнектік құсбегі Бауыржан Ешметов қыран құсты баптау турасында келелі әңгіме өрбітті.

Кітапханашылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, танымын кеңейту, оқырман қауыммен қарым-қатынасын нығайту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара жоғары деңгейде өтті.