УАҚЫТ ТАЛАБЫ

0 15

Мемлекет басшысының Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізу туралы бастамасын қолдаймыз. Өйткені Ата Заңға енгізілетін өзгерістер Жаңа Қазақстанның бағытын айқындап береді. Бұл мақсатқа жету үшін биліктің халық үніне құлақ асып, ел пікірлерін ескеруі қоғам сенімін күшейтетіндігі ақиқат.

Жалпы Ата Заңның үштен біріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда ел Парламентінің рөлін күшейту, өңірлердегі әкімдердің, барлық деңгейдегі халық қалаулыларының жауапкершілігін күшейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғау саласын нығайтуға ықпал ететіндігі анық. Сондықтан елімізді өркендету үшін референдумның өтуі маңызды деп білеміз.

Мәселен, Ата Заңның 6-бабының 3 тармағын: “Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін” деп өзгертудің маңызы зор. Бұл алдағы уақытта жерге қатысты реформалар жер иесі — халықтың пікірі ескерілмей шешілмейді дегенді білдіреді.

Жалпы 5-маусымда өтетін референдумды қолдай отырып, ұсынылып отырған реформалар елдің әл-ауқатын жақсартуға жол ашады деп ойлаймыз.