Шәкірттің жетістігі – мектептің жетістігі

0 16

Еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Қазіргі білім мен техниканың дамыған заманында бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейге шығатын жас ұрпақтың білімді, мәдениетті, тәрбиелі, жан-жақты болып қалыптасуында ұстаздың еңбегі зор. Ұстаздың әрбір сөзі мен ісі, білімі, мәдениеттілігі, сабырлылығы, ұйымдастырушылық қабылеті мен оқушыларға бірдей көңіл бөле білетін және олармен тіл табыса алатын біліктілігі, көзқарасы психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен орын алуы керек. Ұлы данышпан Абай «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз!» дегендей ұстаз адами құндылықтарды бойына терең сіңірген, жаны рухани таза адам болуы керек. Ұлы ұстаз А. Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы», деп бекер айтпаған.

Біздің №8 Төле би атындағы гимназияның педагогтар ұжымы 2021-2022 оқу жылы тынымсыз еңбек пен ізденістердің арқасында біраз жетістікке жетті. Атап өтетін болсам «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алдық. Оқушыларымыз да жетістіктерімен, жеңістерімен қуантып келеді. Республикалық ғылыми жобалар конкурсында 11-сынып оқушысы Жұмашов Дәрмен информатикадан бірінші орынды жеңіп алып, алтын медаль мен жоғары оқу орнының білім грантына ие болды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Тұрысбек Алина орыс тілі, Бақтияр Нұрай өзін-өзі тану және Досқымбаев Қасымхан география пәндерінен қола медель иегерлері атанды.

Сондай-ақ «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубымыз Назарбаев Зияткерлік мектебі химия-биология бағытында ұйымдастырған, Алматы қаласында өткен «QURULTAY CUP II» республикалық пікірсайысында үшінші орын тұғырынан көрінсе, Алматы қаласында өткен «ICE-SCRTAM» VIII Республикалық жас пікірсайысшылар турнирінде «Үздік фракция» номинациясымен марапатталды.

Қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртазаны еске алуға арналып шахматтан өткізілген облыстық турнирде командамыз жеңімпаз атанды. Гимназиямыздың ALASH CUPL командасы білім алушылар арасында дебаттан өткізілген облыстық турнирде екінші орынға ие болды. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадада шәкірттеріміз Ә.Әбідраймова химия, Ә.Мақышова адам және қоғам, Ж.Жалғасбай неміс тілі, С.Томанова физика пәндерінен ІІ орын, Н.Жақатай математика, А.Нұржанқызы география, Ә. Айтжан қазақ тілі пәндерінен ІІІ орын жүлдегерлері атанды. Бұл жетістіктерде ұстаздар қауымының еңбегі зор.

Ақын М.Жұмабаев «әрбір елдің келешегі – мектебіне байланысты» деп жырлағандай Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді оқушылар ғана еліміздің, ұлтымыздың абыройын асқақтата алады.