21 отбасыға демеушілік көмек көрсетілді
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» — дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің туындамауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген.
Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Осылай деп шешкен «Қайнар-Агро» ЖШС-нің басшысы, қайырымды азамат Серікжан Шоқатаевтың демеушілігімен Қызылшаруа, Бәйтелі және Р.Сәбденов ауылдарындағы аз қамтылған, тұрмысы төмен 21 отбасыға демеушілік көмек көрсетілді. Әр отбасыға ең керекті деген азық-түлік таратылды. Яғни 25 кг ұн, 5 литр сұйық май, 5 кг макарон, 5 кг қант, 5 кг картоп, 5 кг пияз, 10 кг ет және басқа да керек-жарақтар үлестірілді.