Меркіде «Health Hub» кеңсесі өз жұмысын бастады

0 31

Аудандық орталық аурухананың үздік тәжірибе орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ұлт денсаулығын қорғау және бірыңғай ықпалдастырылған денсаулық қорғау жүйесін енгізу туралы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша «ONE HEALTH» халықаралық жобасы негізінде «HEALTH HUB» жүйесін дамытудың кешенді үлгісі» тақырыбындағы ведомствоаралық форум болып өтті.

Бірыңғай ықпалдастырылған денсаулық қорғау жүйесі дегеніміз салауатты қоғам қалыптастыруда тек денсаулық саласының ғана емес, сондай-ақ ветеринария, спорт, ауылшаруашылығы, экология, ғылым-білім, санитариялық бақылау сынды тағы басқа да салалардың мүмкіндіктерін біріктіре пайдалану болып табылады. Сол себепті бірыңғай ықпалдастырылған денсаулық қорғау жүйесін Меркі ауданында енгізу ісі – «Саламатты халық» жобасының және салааралық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалануға салааралық ықпалдастыра жүргізу механизмін енгізу аясында іске асырылуда.

Форумға «Primary Helth Care» Ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау жобасының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік менеджері Дмитрий Морозов, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, «One Health Catalyst» ұйымының Қазақстандағы өкілі Ербол Сыпатаев онлайн байланыс арқылы қатысты.

– Ұлт денсаулығына қамқорлық жасау – кез келген елдің маңызды және стратегиялық міндеті. Саламатты қоғам мен денсаулық сақтауды қалыптастырудың негізі – көптеген пәнаралық және салааралық ұғымдар мен міндеттердің түйіскен жерінде десек болады. Сондықтан түрлі аурулар мен ерте өлім-жітімді азайту мақсатында денсаулық сақтау саласына алдын алу, профилактика, емдеу және денсаулықты сапалы түрде қалпына келтіру миссиясы жүктеліп отыр. Халық арасында саламатты мінез-құлық қалыптастыру – медициналық мекеме мен адамның жауапкершілігі аясында ғана емес, сонымен бірге адаммен өзара әрекеттесетін және оның денсаулығына, еңбекке қабілеттілігіне, ұзақ өмір сүруіне және т.б. әсер ететін эпидемиологиялық, ауылшаруашылық, экологиялық, ветеринариялық, білім беру мен тамақтану сияқты басқа да салалардың күш-жігерін үйлестіру деңгейінде жатыр. Қазіргі шындық жағдайында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін өзара байланысты және өзара тәуелді әртүрлі құрылымдардың күш-жігерін біріктіру қажет. Сондықтан барлық өзара байланысты салалармен өнімді іс-қимыл жасау үшін бар мүмкіндіктерді кеңейту мен қажетті бастамаларды және жобаларды құру, оны жүзеге асыру мақсатында коллаборациялық кеңістік құруға ықпал ететін боламыз. «Бірыңғай денсаулық сақтау» тәсілі – адам, жануарлар денсаулығы мен экожүйелер арасындағы өзара байланысты ескеретін парадигма. Осы ретте аталған жобаның кеңесін құру, оны ұлт денсаулығына қамқорлық жасау жолында туындайтын түрлі мәселелерді шешуге арналған салааралық, сектораралық және ведомствоаралық алаң ретінде пайдалану, дүниежүзілік және халықаралық механизмдерді қолдау қажет деп ойлаймын, – деді өз сөзінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытхан Әбжапаров.

Форум барысында денсаулық сақтау саласымен қатар, басқа да салалардың өкілдері саламатты қоғам қалыптастыру жолында туындайтын мәселелердің алдын алудың және оларға қарсы тұрудың ортақ бірыңғай моделін қалыптастыруға бағытталған ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында «Саламатты халық», «Бірыңғай денсаулықты қорғау» жобалары заңды өкілдері мен «Health Hub» кеңсесі арасында үшжақты меморандум жасалып, қол қойылды. Осылайша «Health Hub» кеңсесі өз жұмысын бастап кетті.