Жылқы қазақтың – жаны, көкпар – рухы

0 17

Таразда көкпардан және аударыспақтан ересектер арасындағы ХХІ Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Он күнге созылатын ұлттық спорт додасына облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының құрамалары келді.

Чемпионаттың ашылу салтанаты Жамбыл ауданының Бектөбе ауылында орналасқан «Атшабар» ипподромында өтті. Онда құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков:

  • Жылқыны басқалардан артық білетін дана да дара халқымыз атты ердің қанаты деп қастерлеген, қадір тұтқан. Талай тартыстарда тамаша ойын өрнегін көрсетіп, өз өнерлерімен өзгелерді тамсандырып жүрген ел чемпионатының 11 дүркін жеңімпазы, Кубок иегері, ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің және Ақбидай спорт ойындарының үш дүркін жеңімпазы «Әулиеата» командасы облысымыздың намысын қорғап келеді, — дей келе дүбірлі жарыста ұлттық ат спортының кеңінен насихатталуына және жігері мықты, намысын жібермейтіндердің жеңіп шығуына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті, республикалық көкпар федерациясының президенті Мұхтар Имашев, Республикалық ұлттық  және ат спорты түрлерінің директоры  Бақдәулет Сәбитов ұлттық спорт жанашырларын, жарысқа қатысушыларды жарыстың ашылуымен құттықтады.

Аударыспақ сайысында спортшылар 57 кг, 62 кг, 68 кг, 74 кг, 82 кг, 91 кг, 100 кг, +100 келі салмақта сынға түсетін болады. Жекелей және командалық есепте, әр спорт түрі бойынша I, II, III орын алған спортшылар арнайы медаль, дипломдармен марапатталады.