Өңірлерді дамытуда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты назарда болуы керек

0 10

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын талқылады. Жүздесуде елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды дамыту және халықты толғандырған мәселелерді шешу жайы сөз болды.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен жиында тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі алдымен ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жылдың сегіз айындағы негізгі көрсеткіштерді баяндады.

Жыл басынан бері Меркі ауданының экономикасына 24,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі уақытта ауданда 43 ірі және орта инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құрылыс саласында қаңтар-тамыз айларында 4,9 миллиард теңгенің жұмысы орындалып, тұрғын үй құрылысының көлемі 34,8 мың шаршы метрге жеткен.

Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2025-2026 жылдары алты елді мекеннің су құбырларын қайта жаңғыртуға 3,4 миллиард теңге бөлінген. Ақтоған, Кеңес және Гранитогорск ауылдарындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Ал Ақарал, Жамбыл және Сыпатай ауылдарында құрылыс жалғасып жатыр. Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Меркі теміржол бекетіндегі өткел арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынуда. Жобаға облыстық бюджеттен 102,4 миллион теңге қарастырылған.

Білім беру саласында Меркі ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жүргізіліп, нысан пайдалануға берілді. Жұмыстарға 960 миллион теңге бөлінген. Ал Жаңатоған ауылдық округіндегі Андас-3 су қоймасының құрылысы жалғасуда. Оны салуға облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге бағытталған.

Газдандыру мәселесі бойынша Меркі аудандық әскери бөлімінің Кеңес және Аспара шекара заставаларының қазандықтарына көгілдір отын тарту жұмыстары толық аяқталған. Бұл мақсатқа 527,6 миллион теңге бөлінген.

Кездесу барысында өткен жылы тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысы да айтылды. «Алатау Су-Жылу» мекемесінің қызмет көрсету аясын кеңейту, Жауғаш батыр ауылы маңындағы республикалық жол бойында сервистік кешен ашу және Аспара ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылған. Ал Жауғаш батыр ауылындағы электр желілеріне бағаналар орнату осы айдың соңына дейін аяқталмақ.

Облыс әкімі өңірлерді дамытуда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты назарда болуы керектігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлердің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Халық игілігі үшін атқарылған әрбір іс ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтып, өзара сенім мен жауапкершілікті арттырады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жиында тұрғындар кәріз жүйесін орталықтандыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қолданыстағы мектептерді газбен қамтамасыз ету және жаңа білім ошақтарын салу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ елді мекендердегі өзге де түйткілдерге назар аударып, оларды шешу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімі тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты. Жиын қорытындысында аудан әкіміне жүзеге асырылып жатқан жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкес әрі уақытылы өткізу және бюджет қаражатының тиімді игерілуін бақылау тапсырылды.

Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың профилактикасын күшейту міндеттелді.

Кездесу соңында Ербол Қарашөкеев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар өз өтініштерін жеткізіп, мәселелерін шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік алды.

Облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі атқарылған жұмыстарды саралап қана қоймай, алдағы кезеңде назар аударуды қажет ететін мәселелерді айқындады. Ендігі кезекте берілген тапсырмалардың орындалуы мен жоспарланған жобалардың сапалы аяқталуы маңызды.