Қоғамдық көлік қатынасы жаңа бағытпен толықты
Тараз қаласы мен Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округі арасындағы қоғамдық көлік қатынасы жақсарды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында №4 жаңа бағыт іске қосылып, бағытқа 10 автобус бөлінді. Енді Бурыл мен Құмжота ауылының тұрғындары қалаға қатынауда бұрынғыдан жиі жүретін қоғамдық көлік қызметін пайдалана алады.
Жаңа бағыттың ашылуына арналған шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев және ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жиында шаһар басшысы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті.
№4 бағыттағы автобустар Бурыл мен Құмжота ауылдарын Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарымен және «Түрксіб» алабымен байланыстырады. Көліктер Сыпатай батыр, Төле би, Аққозиев, Балуан Шолақ, Жібек жолы, Самарқанд және Абай көшелері арқылы қатынайды. Автобустардың жүру аралығы 15 минутты құрайды.
Жаңа бағыттың ашылуы, ең алдымен, бұрын осы аумақта қатынаған ескі автобустарды алмастыру және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттілігінен туындаған. Бұған дейін 2004-2007 жылдары шығарылған «ПАЗ» маркалы автобустар пайдаланылып, көліктердің жүру аралығы 30 минутқа дейін созылатын. Енді жаңа автобустардың есебінен күту уақыты екі есе қысқарды.
Жолақысы қаладағы қолданыстағы тарифке сәйкес белгіленген. Ересектер үшін жол жүру құны – 100 теңге. 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы.
Соңғы жылдары Таразда қоғамдық көлік паркін жаңарту мен жолаушылар тасымалын жетілдіруге басымдық беріліп келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, қаланың 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарында жыл сайын кемінде 70 автобус сатып алу міндеті көзделген.
Осы жоспар аясында 2023 жылы 73 автобус сатып алынса, 2024 жылы қалаға 155 қоғамдық көлік жеткізілді. 2025 жылы тағы 91 автобус алынып, биыл жыл басынан бері 48 автобус қосылған. Осылайша, соңғы жылдары жаңартылған қоғамдық көліктердің саны 391-ге жетті.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Тараздағы жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 87 пайызға дейін өсті. Қаладағы қоғамдық көлік саны 330-дан 560 автобусқа дейін көбейді. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 15 жаңа бағыт ашылып, бүгінде қалада 48 бағыт бойынша тасымал ұйымдастырылған.
Қоғамдық көлікпен қамту мәселесінде қала аумағына қосылған Байзақ және Жамбыл аудандарының елді мекендеріне де назар аударылып отыр. Былтыр Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылынан Таразға қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапты. Ал биыл 7 қыркүйектен бастап Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылынан Тараз қаласына қатынайтын №67 бағыт іске қосылды.
Жаңа бағыттардың ашылуы қала мен оған іргелес елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың жұмысқа, оқуға және күнделікті шаруаларымен қалаға жетуіне қолайлы жағдай туғызады. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.