Ата аманаты, әке өнегесі – баланың болашағы
Ұстаздық – білім мен біліктілікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті, табандылықты, адамға деген жанашырлықты талап ететін қасиетті жол. Ал бір әулеттің бірнеше буыны білім беру саласын таңдап, саналы ғұмырын жас ұрпақтың тәрбиесі мен кәсіби қалыптасуына арнаса, бұл – ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Осындай еңбек дәстүрін қалыптастырған әулеттің үлкені – Ұшқанбек Жауар.
Ұшқанбек Молдақұлұлының педагогикалық өтілі 41 жылды құрайды. 1952 жылы Бетқайнар ауылында дүниеге келген ол бала кезінен математика мен тарих пәндеріне ерекше қызығушылық танытыпты. Мектепті тәмамдаған соң Қордай ауданындағы Красногор совхозының ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1973 жылы «техник-механик» мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Бетқайнар ауылындағы СПТУ-7 кәсіптік білім беру мекемесінде өндірістік оқыту шебері болып бастайды. Одан аға шебер дәрежесіне көтеріледі.
Еңбектен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, «инженер-педагог» біліктілігін алады. Өз жұмысына жауапты, білімді маман еңбегімен басшылықтың көзіне түсіп, 1987 жылы Бетқайнардағы кәсіптік оқу орны директорының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Ал 1998 жылдан бастап №7 Бетқайнар колледжінің директоры болып тағайындалады. Бұл жауапты міндетті 17 жыл жауапкершілікпен атқарып, 2015 жылы зейнеткерлікке шығады. Атап өтерлігі 1997–1998 жылдары оқу орнының жабылып қалу қауіпі туғанда күш салып, сақтап қалады.
Ұшқанбек Молдақұлұлының ұзақ жылғы еңбегі мен білім беру саласына қосқан үлесі түрлі марапаттармен атап өтілген. Атап айтсақ, оның кеудесіне тағылған «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Қазақ ССР кәсіптік -техникалық білім беру ісінің озық қызметкері» белгісі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі мен І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төс белгісі ұстазға берілген еңбегінің бағасы.
Бүгінде Ұшқанбек Молдақұлұлы зейнеткерлік демалыста. Алайда оның еңбекпен қалыптастырған өнегесі кейінгі ұрпағымен жалғасын тауып келеді. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында (ҚазСХИ) білім алып, «инженер-педагог» мамандығын алған. Бүгінде оның білім саласындағы еңбек өтілі – 31 жылды құрайды. Қазіргі уақытта ол №7 Бетқайнар колледжінде директордың кәсіптік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары болып еңбек етуде.
Әкесі осы білім ордасының қалыптасуы мен сақталуына, дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірсе, ұлы сол жолды жалғастырып, кәсіптік оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға, білім алушылардың сапалы мамандық меңгеруіне және болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуына үлесін қосып келеді. Бұл – әкенің мамандығын жай ғана қайталау емес, ұрпаққа берілген еңбек тәрбиесі мен кәсіби жауапкершіліктің сабақтастығы.
Ал әулеттің үшінші буыны цифрлық жүйені таңдап отыр. Рүстем Жауар М.Х. Дулати атындағы жоғары оқу орнында «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда ол программист болып еңбек етіп, ақпараттық технологиялар саласында 5 жылдан астам тәжірибе жинақтап үлгерген.
Атасы кәсіптік білім беру жүйесінің қалыптасуына үлес қосса, әкесі сол білім ордасында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру ісін жалғастырып келеді. Ал немересі цифрлық технологиялар дәуірінде заманауи мамандықты меңгеріп, әулеттің білім мен кәсіби шеберлікке негізделген дәстүрін жаңа бағытта жалғастыруда.
Бір қарағанда, программист мамандығы атасы мен әкесінің инженер-педагогтік қызметінен өзгеше көрінуі мүмкін. Алайда үш буынды біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – білімге ұмтылу, техникалық мамандыққа қызығушылық, кәсіби біліктілік және еңбекке жауапкершілік.
Кешегі техник-механик пен инженер-педагогтен басталған кәсіби жол бүгін ақпараттық жүйелер мен бағдарламалау саласына ұласып отыр. Бұл – уақыт өзгергенімен, әулеттегі білім мен еңбекке деген құрметтің өзгермегенін көрсетеді.