Құрылтай

Жасөспірімдердің еңбек құқығы заңмен қорғалады

0 10

Жазғы демалыс кезінде жұмыс істегісі келетін мектеп оқушылары мен студенттер еңбек заңнамасының талаптарын білуі қажет. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша, 14 жасқа толған оқушылар ата-анасының немесе заңды өкілінің және қорғаншылық органының келісімімен денсаулығына зиян келтірмейтін, оқуына кедергі жасамайтын жеңіл жұмысқа орналаса алады. Олар тек сабақтан немесе оқудан бос уақытында еңбек етуге құқылы. Ал 14 жасқа толмаған балаларға тек мәдениет саласында, мысалы, театрда, кино түсіруге немесе концерттік бағдарламаларға қатысу сияқты жұмыстарды атқаруға рұқсат беріледі. Мұндай жағдайда да ата-анасының немесе заңды өкілінің және қорғаншылық органының келісімі міндетті.

Заң бойынша кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта жұмысқа тартуға, ауыр немесе қауіпті еңбекке, сондай-ақ денсаулығы мен тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін жұмыстарға жіберуге болмайды. Мысалы, олар құмар ойын орындарында, түнгі ойын-сауық мекемелерінде, алкоголь және темекі өнімдерін өндіру, тасымалдау немесе сату саласында жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ 14 жастан асқан оқушылардың жұмыс істеуі тек сабақтан немесе оқудан бос уақытында ғана рұқсат етіледі. Атқаратын жұмысы олардың денсаулығына зиян келтірмеуі, тәрбиесіне кері әсер етпеуі және оқуына кедергі жасамауы тиіс.

Заң бойынша кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері болып оның ата-анасы, бала асырап алушысы, қорғаншысы, қамқоршысы, патронат тәрбиешісі немесе олардың орнындағы басқа да заңды тұлғалар саналады. Егер бала жұмысқа орналасатын болса, еңбек шартын жасау кезінде олардың келісімі қажет болатын жағдайлар заңмен белгіленген. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақыты ересектерге қарағанда қысқартылған. Атап айтқанда, 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ оларды белгіленген уақыттан тыс, яғни үстеме жұмысқа тартуға заң бойынша тыйым салынады.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңға сәйкес әрбір баланың еңбек етуге және болашақ мамандығын еркін таңдауға құқығы бар. 14 жасқа толған балалар ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен сабақтан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін, оқуына кедергі жасамайтын жеңіл жұмыстарды атқара алады. Сонымен қатар олардың кәсіптік білім алып, еңбек дағдыларын меңгеруіне заңмен мүмкіндік берілген.

Дегенмен ешкімнің баланы күштеп жұмыс істеуге мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Егер ата-ана баласын заңсыз еңбекке жегетін болса, ол ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Ал кәмелетке толмағандардың еңбегін заң талаптарын бұза отырып пайдаланған жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заңға сәйкес мұндай құқықбұзушылық үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 150, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер жұмыс беруші бір жыл ішінде осы заңбұзушылықты қайта қайталаса, айыппұл мөлшері едәуір ұлғаяды.

Егер кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының бұзылғанын байқасаңыз немесе осы мәселеге қатысты кеңес қажет болса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментіне хабарласуға болады. Мекенжайы: Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78-үй, 6-қабат.