Құрылтай

Жедел жәрдем қызметі жаңа көліктермен толықты

0 6

Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы тағы бір мәрте нығайтылды. Өңірдегі жедел жәрдем станциялары мен бөлімшелеріне заманауи талаптарға сай жабдықталған 60 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Бұл қадам тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Жаңа автокөліктердің кілтін салтанатты жағдайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев табыстап, денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы жылдары Жамбыл облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жаңа денсаулық сақтау нысандары пайдалануға беріліп, ауылдық жерлердегі медициналық мекемелер жаңартылуда. Сонымен қатар емдеу ұйымдары кезең-кезеңімен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге басымдық берілуде.

– Жедел медициналық жәрдем – уақытпен санасатын аса жауапты қызмет. Мұнда әрбір минуттың, әрбір қабылданған шешімнің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан автопаркті жаңарту – денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Бұл жаңа көліктер шалғай елді мекендерге де дер кезінде жетіп, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі медицина қызметкерлеріне халық денсаулығын қорғау жолындағы адал еңбегі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту және жедел жәрдем қызметін жетілдіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Жамбыл облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Венера Балқыбекованың мәліметінше, бүгінде өңірде 105 жедел медициналық бригада тәулік бойы тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыстағы жедел жәрдем қызметкерлері толықтай бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Осылайша Жамбыл облысы бұл жүйені енгізген еліміздегі екінші өңір атанып отыр. GPS навигациясы мен «SOS» дабыл батырмасымен жабдықталған құрылғылар төтенше жағдайда полиция қызметкерлеріне оқиға орнына жедел жетуге және қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жедел жәрдем қызметіне берілген жаңа техникалардың қатарында «А» және «В» класты санитарлық автокөліктер, сондай-ақ ауыр халдегі науқастарға шұғыл көмек көрсетуге арналған арнайы реанимобильдер бар. Барлығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Жалпы 60 автокөліктің 33-і Тараз қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына, төртеуі медициналық авиация қызметіне берілсе, қалған 23 көлік аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелерінің автопаркін толықтырды.

Жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңарту тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің жеделдігі мен тиімділігін арттырып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге оң ықпал етпек.