Балаға бақылау емес, тәрбие қажет

0 4

Ата-ана жауапкершілігі азайып бара жатқан жоқ па?

Қазіргі таңда жасөспірім оқушыларға білім беру және тәрбиелеу аса маңызды іске айналды. Тіпті, жасөспірімдердің арасында болып жатқан тәртіпсіздік, құқықбұзушылық жағдайлары ойлантады. Қит етсе полицияны жазғырып немесе мектеп ұстаздарын кінәлап үйренгенбіз. Бір жағдай орын алса, соларға ала көзбен қараймыз. Олар көбінесе қолынан келген жұмыстарының бәрін жасап жатыр. Сонда сол ұстаздар мен құқық қорғау қызметкерлерін ағаш атқа теріс мінгізуге шеберміз.

Ал, негізі кез келген бала тәрбиенің бастауын үйінен, өзінің ата-анасынан алады. Егер әкесі мен анасы жауапсыз, өздерінің тәрбиесі төмен кісілер болса, ол отбасының перзенттері үлгілі болып өспейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, баланың үйден көрген тәрбиесі өмірінің іргетасы болып қаланады. Біз оны әрқашан да сезініп жүрміз.

Бірліктің бірлігі бала тәрбиесінен байқалса

Аудан әкімшілігі де қолынан келген істің бәрін жасап жатыр. Ауылдардағы тәрбие жұмысын күшейтуді мықтап қолға алды. Сөзіміздің дәлелі – жақында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке жасы толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы Бірлік ауылындағы «Желтоқсан» ауылдық клубында өтті.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары қызметін уақытша атқарушы Нұркелді Қазақбайұлы ашып, жасөспірімдер мәселесінің аса өзекті екеніне тоқталып, жиналған ата-аналарды ашық әңгімеге шақырды. Жиында Бірлік ауылы бойынша балалар инспекторы Ерсайын Қыдыралиев хабарлама жасап, атқарып отырған жұмысы туралы мәлімдеді. Ауылдық балалар инспекторы аталған ауылдың әр ауласына кіріп тұрып, балалармен жеке-жеке жұмыс жүргізген. Оны ауыл тұрғындарының өздері ризашылықпен айтты. Құқық қорғау қызметкері қаншама үйді араласа да, ауылдық клубта жиі-жиі отбасы тәрбиесіне қатысты қызықты іс-шаралар өткізіліп жатса да, Бірлік ауылында бұзақылық тиылатын емес. Оған сонда кім кінәлі? Енді әр ауылда ата-аналар чаты ашылды. Сол чатта ата-ана өз ойын бөлісіп, тәжірибесін айтып отырады. Іс мұнымен жөнделсе, қанекей! Бала тәрбиесі неге қиындап кетті?

Міне осы мәселе жиналғандарды алаңдатты. Аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихаттың депутаты Бағлан Жүнісбеков өзі басқаратын ауруханаға апта сайын төбелестен жарақаттанған балалар келіп түсетінін айтты. «Жараланып түскен әр бес баланы үшеуі мүгедек болып жатыр» деді. Айдың күннің аманында төбелестің салдарынан баланың болашағына қатерлер төніп жатыр.  Бұған не деуге болады?

Аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Әбдіғали Әбдіразақов та өзі басқаратын мекеменің мүмкіндігін ортаға салды. Бұл орталық қиналған шаңырақ иелеріне психологиялық, әлеуметтік, құқықтық жағынан көмек береді. Жалпы, отбасын қолдау орталықтарының құрылуы – ойланатын мәселе. Бұрындары мұндай құрылымдар құрылмай-ақ, әр әке өзінің отбасына ие болды. Керек кезде қаталдығымен, қажет кезде мейірімімен 7-8 перзентін тәрбиеледі. «Әкең келе жатыр!» деген бір ауыз сөз баланың тез тәртіпке түсуіне ықпал ететін. «Полиция келе жатыр» деген хабардан кем соқпайтын. Себебі, ол уақытта әкелер жауапкершілікті сезінді. Ұрпағына ұлағат болды, перзенттері үшін ауырлыққа арқасын тосты. Қазір ше? Жауапкрешілікті сезінбей өскен ұлдардан жауапкершілігі жоқ әке қалыптасып жатыр. Отабасының сәл қиындығына шыдамай ажыраса салатын, жәутеңдеген балаларына алимент төлемейтін әкелер туралы не деуге болады?

Аталған комиссияның көшпелі отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қазыбек Бейімбетов, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Үсен Айнақұл, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мақпал Шубаева, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мади Күнту, аудандық прокуратураның өкілі, аудан әкімдігі құқық бөлімінің өкілдері баршасы бір-бір ауыз сөйледі. Тәрбие жөнінде өздерінің тәжірибелерін бөлісті. Аталған ауылдағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің психологы Балқаш Мұқашқызы күн сайын мектеп оқушыларын өзі қарсы алып, қабақтарына қарап, түрлі тапсырмалар беретінін, бақылайтынын айтты. «Ата-аналармен жиі жұмыс жасаймыз. Әр сыныпта да жұмыстар жүреді. Бірақ, мектеп бойынша осы – 50-60 ата-анадан басқасы шақырсаң да келмейді. Мектепте 300 ден астам ата-ана, бес жүзден астам оқушы бар. Сонда төрт жүз оқуышының ата-анасы неге белсенді емес. Міне, жұмыс осы ата-аналармен жүргізілуі тиіс», – деді мектеп психологы. «Оқушы кезімізде мектеп оқушыларымен бірге шөпке де бардық, жүгері де тердік. Қысқасы, баланы еңбекке және пайдалы іске баулуымыз қажет. Сол кезде бос уақыты болмайды», – деді аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаева.

Жиында ата-аналар тарапынан Амантай ақсақал өз ойын айтса, ауыл тұрғыны Эльмира Тілекова жиынға белсенді қатысып отырды. «Әр баланың  көңіл-күйі, жағдайы, ойы, мақсаты бар. Кей баланың тұзы жеңіл. Қарап жүрмей бірдеңеге ұрынып жүреді. Бірақ, ол тәрбиелі, жақсы бала. Кейде бұзақылар құтылып кетіп, осындай тұзы жеңілдер тұтылып кететін жағдайлар бар. Осы жағына да мән беруіміз керек. Бала тәрбиесі осы кезге дейін де өзекті болатын. Алдағы уақытта да өзекті бола береді», – деп өз ойын айтты. Аталған ауылдық округ әкімі Қуаныш Оспанов жиынға толық қатысып, ой түйіп отырды.

Нұркелді Қазақбайұлы қорытындылаған бұл жиын мәселелердің ашық айтылуымен де, ата-аналарға ой салуымен де әсерлі болды деген ойдамыз.

Ақсүйекте де бала тәрбиесі өзекті 

Аталған комиссияның көшпелі отырысы Ақсүйек ауылында жалғасын тапты. Мұнда әуелі жалпы ата-аналармен жиын өтіп, аудан әкімінің орынбасары Нұркелді Қазақбайұлы жасөспірімдер тәрбиесі, ата-ананың міндеті жөнінде ой қозғады. Ақсүйек ауылдық полиция инспекторы Ерлан Битанов жасөспірімдермен жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде баяндап өтті. Аталған ауылда орналасқан №1 орта мектептің директоры Нүркен Пернебаев та өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, мектепте көптеген тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізіліп, әр оқушының сабақ үлгерімі мен тәрбиесіне назар аударылуда.

Мұнан соң комиссия мүшелерінің қатысуымен 7-сыныпты бітірген Алексей Нахаев деген жасөспірімнің мәселесі қаралды. Ол 2012 жылы 17 ақпанда туған. 14 жаста болса да ауылды шулатып, талай бұзықшылық жасап үлгерген. Оның бұзақылығы туралы бірнеше папкі, бірнеше дәптер жазуға толған. Полиция қызметкерлері талай тәртіпке шақырып, арнайы тәрбиелеу жұмыстарын жүргізген. Баланың тәртібі түзелмеген. Жиналған комиссия алдында анасы сөз сөйлеп, осынау тәртіпсіз баласынан шаршағанын, қандай жазаға тартылса да келісетінін айтты. Комиссия мүшелері екі күннен қалдырмай полицияның көмегімен әлгі тәртіпсіз баланы ауылдан алып кету, полиция қызметкерлері жасөспіріммен нақты жұмыс жүргізіп, тәртібі үнемі назарда болсын деген шешім қабылдады. Шешім солай қабылданды. Алайда, аталған мектепте 110 оқушы білім алуда. Олардың арасында бұзақы балалар жоқ па? Алексей Нахаев бұзықшылық әлемінде жалғыз ба? Әлде бұзықшылықпен айналысатын достары бар ма? Полиция осы жағында қарап, келеңсіздіктің тамырын түбірімен жойғаны жөн.

Тәртіпсіздік пен келеңсіздіктің тамыры қалай жойылады? Осы жағы комиссия мүшелері, ата-ана, оқушылар, ұстаздар болып ойланатын жағдай. Қазір мектептегі бұзақылықтың көпшілігі жасырын жабық күйінде қалады. Себебі, тәртіпсіздікті ашып айтқан бала «Ашық ауыз», «Сатқын» атанады. Ондай балаға сыныптас жігіттердің арасында да, ауылдастар арасында да орын жоқ. Тіпті, достарымен де араластырмай, жазалайды екен. Балалар міне осы жағдайдан психологиялық қысымға түседі. Оның ақыры немен аяқталатынын ойлаудың өзі қиын.

Бір сөзбен айтқанда мектептегі оқушыларға көңіл бөліп, әр ата-ана, ұстаз бала тәрбиесімен мықтап айналысатын уақыт жетті. Сонда  оқушылар тәртібі түзеліп, келеңсіздіктер тиылуы мүмкін.