Чемпион жолын танытқан кітап
Жуырда Тараз қаласында дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов туралы жазылған «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Журналист-жазушы Есбол Нұрахмет қаламынан туған еңбекте спортшының балалық шағы, халықаралық аренадағы жетістіктері, Олимпиада шыңына жету жолындағы табанды еңбегі мен спорттық ғұмыры кеңінен қамтылған.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, сондай-ақ чемпионның алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл мен қазіргі жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Серік Сәлемов кітаптың жас ұрпаққа берері мол екенін айтып, мұндай туындылардың жастарды еңбекқорлық пен отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Елдос Сметов кітаптың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа үлгі көрсету екенін жеткізді. Олимпиада чемпионы жетістікке жету жолында бапкерлерінің, ата-анасының және жанкүйерлерінің қолдауы ерекше болғанын айтып, жастарды үлкен мақсаттарға ұмтылуға шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар чемпионның өмір жолын арқау еткен кітаптың жастарға жігер беретін тағылымды еңбек боларына сенім білдірді.