Тектұрмаста тазалық акциясы өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тектұрмас этно-тарихи кешенінде «Тәртіп – тазалықтан басталады» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Облыстық Жастар ресурстық орталығы өткізген акцияға 200-ге жуық адам қатысып, тарихи кешен аумағын тазалау жұмыстарына атсалысты. Олардың қатарында жастар, еңбек жасақтарының мүшелері және түрлі мекеме қызметкерлері болды.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дәріптеу. Сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен тазалықтың өзара сабақтастығын насихаттауға басымдық берілді.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов «Таза Қазақстан» бастамасының экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыруға ықпал етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, акция аясында өңір бойынша ондаған мың тұрғын тазалық жұмыстарына қатысып, елді мекендерді көркейтуге өз үлестерін қосуда.
Акция барысында Тектұрмас кешенінің 17 гектар аумағы тазартылып, 5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастырып, тазалықты өмір салтына айналдыруға ықпал ететінін атап өтті.