Теміржол нысанында өртке қарсы жаттығу ұйымдастырылды

0 6

Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен Теміржол әскерилендірілген күзетінің ғимаратында өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Іс-шара төтенше жағдайлар кезіндегі жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіруге және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталды.

Оқу-жаттығуға Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, кезекшілік өрт сөндіру қызметі және Апаттар медицинасы орталығының мамандары да тартылды. Бірлескен жұмыс барысында шартты өрт ошағын жою, оқиға орнына жедел жету және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері пысықталды.

Шара барысында мамандар ғимарат қызметкерлеріне өрт сөндіргіш құралдарды дұрыс пайдалану тәртібін тәжірибелік түрде көрсетті. Сонымен қатар, төтенше жағдай немесе өрт кезінде жеке қорғаныс құралдарын, соның ішінде бетперде кию тәсілдері түсіндіріліп, қауіпсіз эвакуациялау ережелері бойынша нұсқаулық берілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар қызметкерлердің дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, нақты төтенше жағдай кезінде дұрыс әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, теміржол нысандары сияқты стратегиялық маңызды объектілерде қауіпсіздік талаптарын сақтау ерекше маңызға ие.

Іс-шара соңында қатысушылар оқу-жаттығу барысында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, өзара тәжірибе алмасты. Төтенше жағдайлар қызметі мұндай бірлескен жаттығулар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.