Табиғатта от жағу тәртібі қатаң сақталуы тиіс

0 3

Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ашық табиғатта демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылардың айтуынша, орман мен таулы аймақтарда өрттің шығу қаупі жоғары болғандықтан, әрбір демалушы қарапайым қауіпсіздік ережелерін білуі және қатаң сақтауы тиіс.

Мамандардың пікірінше, ормандағы от тек тұрмыстық қажеттілік үшін ғана пайдаланылып, оны дұрыс ұйымдастырған жағдайда ғана қауіпсіз бола алады. Бұл ретте от жағатын орынды мұқият таңдау, алдын ала дайындау және өрттің таралуына жол бермейтін шараларды сақтау маңызды.

ТЖБ ұсынған негізгі қауіпсіздік талаптарына сәйкес, құрғақ ауа райында отты тек құмды немесе тасты жерлерде, су айдындарының маңында немесе шөп өспеген алаңқайларда жағу қажет. Сонымен қатар оттың айналасынан кемінде бір метр қашықтықтағы барлық жанғыш заттар толық тазартылуы тиіс.

Мамандар төтенше жағдай туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін оттың жанында міндетті түрде суы бар ыдыстардың болуы қажеттігін де ескертеді. Сондай-ақ шатырлы демалыс кезінде отты шатырдан кемінде үш метр қашықтықта орналастыру талап етіледі.

Демалыс аяқталған соң оттың толық сөндірілгеніне көз жеткізу – басты талаптардың бірі. Ол үшін от орнына су құйып, дымқыл топырақпен көміп, мұқият таптау қажет. Қауіптің толық жойылғанына көз жеткізбейінше аумақтан кетуге болмайды.

Жуалы ауданы ТЖБ мамандары табиғат аясындағы жауапсыздық үлкен өрт оқиғаларына әкелуі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.