Жоғалған малшы аман-есен табылды

0 4

Меркі ауданында бірнеше күн бойы із-түзсіз жоғалған малшыны іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Құтқарушылар мен арнайы қызмет өкілдерінің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде азамат аман-есен табылып, жақындарымен қауышты.

1982 жылы туған тұрғын 2 мамыр күні Тәтті ауылынан шамамен 40 шақырым қашықтықтағы құмды алқапта орналасқан қыстақтан мал қарауға шығып, содан кейін байланысқа шықпай қалған. Осыған байланысты өңірде жедел іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.

Іздеу шараларына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығының өкілдері мен кинологиялық топтар тартылды. Сонымен қатар аумақты әуеден бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен «Қазавиақұтқару» авиациясы жұмылдырылды.

Кең көлемде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жоғалған азамат бастапқы жоғалған аумақтан 35 шақырым жердегі шаруа қожалықтарының бірінен табылды. Құтқарушылар оның малын да аман күйінде анықтады.

Мамандардың мәліметінше, ер адамның жағдайы қанағаттанарлық, оған медициналық көмек қажет болмаған. Құтқару операциясына қатысқан барлық қызметтердің жедел әрі үйлесімді әрекеті оң нәтиже беріп, тағы бір адам өміріне қауіп төнбей аяқталды.