Бюджет тайқазанын толтыратын кәсіптің бірі

0 5

Өңірдегі су айдындарын балықтандыру мәселесі бұған дейін де кәсіпкерлер тарапынан да талай көтеріліп келгенімен, ол түрлі себептермен кейінге ысырылып келген еді. Бұл мәселеге 2020 жылдан бері баса мән беріліп келеді. Жалпы өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыстағы өзен-көлдерден, су тоғандарынан жылына 5 мың тоннадан астам балық ауланыпты. Ол тұста облыс тұрғындары 3,5 мың тонна балық тұтынса, қалғаны еліміздің өзге қалалары мен Ресей нарығына шығарылып келген. Ал қазіргі таңда өңіріміздегі су айдындарынан бар болғаны 1100 тонна балық ауланады екен. Оның 800 тоннасы Балқаш көлінен, 300-і аймақтағы ірілі-ұсақты су айдындарына тиесілі. Бұл әрине біздің облыс үшін тым аз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған болатын. Бұл жерде халықты жергілікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсаты діттеліп отыр. Алайда «Ұсыным сұранысқа сай болуы керек» деген нарықтық қағидаға салсақ, қазекең балыққа аса құмар да емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір адам жылына 16 килограмм балық тұтынуы керек деген пікірде. Ал бізде бұл көрсеткіш 4 килограмның о жақ, бұ жағында екен. Осыдан кейін балықты аз жейтін ел де біз болып отырмыз.

Жоғарыда ДДСҰ ұсынған балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін өңірлерде 300 мың тонна балық өсіру қажет. Елімізде, оның ішінде өңірімізде де бұл межеге қол жеткізу үшін қыруар жұмыстар атқарылуы керектігі айтпаса да түсінікті. Бір атап өтерлігі, өңірімізде балық саласы – облыс ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан секторларының біріне де айналуда. Өңіріміздің жартылай шөл, шөлейтті екендігін, су тапшылығы барын ескерсек, мәселе балық шаруашылығы нысандарына бекітіліп берілген су айдындарында балықты аз немесе көп өсіруге де емес, оларда жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелеріне де байланысты.

Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Азамат Кабдугалиевтің айтуынша, мұндай жұмыстар бірінші кезекте су айдындарындағы балық қорын сарқып алмауды қамтамасыз етеді екен. Демек, қай су айдынынан қаншалықты көлемде балық ауланатыны да осылай алдын ала болжамдалып отырады. Балық өсірушілердің қызды-қыздымен жоспарын белгіленген шектен асыра орындауына да болмайды. Тәртіптің аты – тәртіп. Лимит дегеніңіз де осы. Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген 139 су айдыны мен учаскелеріндегі балықтандыру жұмысына бақылау жүргізіп келеді. Олардың қатарында жергілікті маңызы бар 121 су айдыны және Жамбыл облысы шекарасы шегіндегі республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар.

– Елімізде бұған дейін кенжелеп қалған балық шаруашылығына соңғы жылдары көп көңіл бөліне бастады. Осының арқасында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Осынау ұланғайыр аумақтағы балық қана емес, орман, жануарлар дүниесі, аңшылық шаруашылықтары жұмыстарының белгіленген заң талаптары мен нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес атқарылуын тексеру, бақылау және үйлестіру ісін жүзеге асырады. Өңірдің өзен-көлдерінде ауланатын балықтар қатарында тұқы, көксерке, жайын, табан, дөңмаңдай, жыланбас, ақмарқа, ақ амур, шортан, мөңке, қаракөз, беріш, шармай, қызылқанат, торта, аққайран, шаян секілді балықтар мен басқа да су жануарлары бар. Қазір балық аулауға тыйым салынған кезең.

Жалпы облыс көлеміндегі су айдындарында бүгінгі күні балықтарды шабақтан көбейту жұмыстары жалғасуда. Балық шаруашылығы саласындағы бақылау-инспекторлық қызмет бойынша атқарылған жұмыстар да ауқымды. Атап айтсақ, бүгінгі күні «Уылдырық шашу» жануарлар дүниесін және балық ресурстарын қорғау акциясы облысымызда 2026 жылдың 1 наурызынан бастап 1 шілдені қоса алғандағы аралықта 3 кезеңмен өтуде. Бірінші кезең – Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның құймаларында жоғарыда аталған кезеңде балық аулауға тыйым салынған. Екінші кезең 15 сәуір мен 31 мамыр аралығын қамтиды, оған Шу-Талас бассейнінің басқа су айдындары жатады. Ал үшінші кезең Тасөткел су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде 15 сәуірден 30 маусым аралығында жүзеге асырылады, – дейді инспекция басшысы Азамат Кабдугалиев.

Жануарлар дүниесін, балық ресурстарын заңсыз аулау, заңсыз сату, сатып алу, иемдену, сақтау, өткізу фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, осы жылдың 21 наурызынан бастап облыс бойынша су айдындарында «Уылдырық шашу2026» рейдтік іс-шарасы жүргізілуде. Инспекция басшысының айтуынша, алдағы айдың 27 наурыз күні Жуалы ауданы аумағындағы Теріс-Ащыбұлақ су айдыны жағасында облыстық табиғат қорғау прокуратурасы мен табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Табиғат және заң» акциясы өткізілген.

Іс-шараға «Сапсан» жедел тобы, Жуалы ауданының орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері қатысты. Су айдынында әуесқой балықшылармен профилактика есебінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түсіндіру парақтарын таратты. Сонымен қатар Жуалы, Жамбыл, Талас аудандары ортасындағы Билікөл-Бөгеткөл-Ақкөл арасын өзара байланыстыратын Аса өзенінің арнасында тәулік бойы рейдтерді бірлесе атқаруда.

– Рейдтік іс-шараның нәтижесінде, «Уылдырық» іс-шарасы басталған наурыз айынан бастап 15 сәуір аралығында барлығы 40 құқықбұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды. Барлық салынған айыппұл сомасы 787150 теңге, оның 402225 теңгесі өндірілді. Оның ішінде ҚР ӘҚБТК 383-бабының 3-бөлігімен, яғни әуе сқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, тыйым салынған мерзімдерде 10 құқықбұзушыға қатысты әкімшілік істер сотқа жолданды. Оның ішінде 6 азаматқа сотпен шара қолданылды. 4 азаматтың әрқайсысына 60550 теңгеден, ал 2 азаматқа 86500 теңгеден айыппұл салынды. Құқықбұзушылардан заңмен тыйым салынған әртүрлі аулау құралдары тәркіленіп алынды.

Жалпы жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін инспекция қызметкерлері тарапынан жүргізілген рейдтердің нәтижесінде балық қорғау заңнамасын бұзған 98 факт тіркелді, оның 97-сі бойынша әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушыларға 1518075 теңге айыппұл салынды, оның 735250 теңгесі өндірілген. Ал бір факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Яғни, осы жылдың 9 наурызға қараған түні шамамен сағат 01:00-де Шу–Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері жүргізген рейд барысында заңсыз балық аулау дерегі анықталды. Жамбыл ауданы аумағындағы «Сеңгірбай-1» су айдынында балық ресурстарын электр тоғын пайдалану арқылы заңсыз аулаған 4 азамат ұсталды. Тексеру барысында 2 автокөліктен аккумулятор, үрлемелі қайық, электр тоғымен балық аулау аппараты, ескектер, насос, ау құралдары, бір қап заңсыз ауланған балық анықталды. Ауланған балықтың жалпы салмағы 8,30 килограмм. Табиғатқа келтірген залал мөлшері 66071 теңгені құрады. Барлық айғақ заттар тиісті құжаттармен рәсімделіп, материалдарымен бірге Жамбыл аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, сот-биологиялық сараптамасы тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқармада бүгінгі күні мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары жалғастырылуда. Азаматтар мен кәсіпорындарға құжаттарды онлайн түрде тапсыруға мүмкіндік жасалған. Балық шаруашылығы субъектілерінің қызметін цифрлық жүйелер арқылы мониторингтеу жүйесі жетілдірілуде. Бөлім балық шаруашылығы кәсіпорындарының қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс істеуін бақылайды. Табиғат пайдаланушылар мен су шаруашылығы ұйымдары арасындағы мәселелер реттелуде. Аквамәдениет саласындағы жаңа нормативтік-құқықтық актілердің орындалуы қадағалануда, – дейді иснпекция басшысы.

Азамат Кабдугалиевтың айтуынша, өткен жылғы жоспар бойынша 1276 тонна балық өсіру көзделген болатын, бұл жоспар толығымен орындалған. Ал биыл 2026 жылға 2 596 тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда. Облыста жалпы тұқы карп тұқымдас және бахтах (форель) балықтары өсірілуде. Жамбыл ауданында карп тұқымдас балықтарды көбейту бойынша нақты іс-шаралар басталған. Төмендегі шаруа қожалықтары карп тұқымдас балықтарды көбейту жұмысын бастап кеткен. Атап айтсақ, бүгінгі күні бұл бағытта «Акрам», «Алтынбұлақ» және «Алтындай» шаруа қожалықтары табысты жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, облыс бойынша 13 су айдынын әуесқой (спорттық) балық аулау мақсатында аукционға шығару жұмысы жүргізілуде. Барлық су айдындарының биологиялық негіздемесі бар. Аукцион ашық түрде, заңнама талаптарына сай жүргізіледі.

Сондай-ақ су тарату және су реттеу құрылғыларына балық қорғау қондырғыларының орнатылуы да бүгінде сала қызметкерлерінің «бас ауруына» айналып тұр. Бұл іс – айрықша назарда. Инспекция қызметкерлері  облыс аумағындағы Теріс-Ащыбұлақ, Ақкөл, Ынталы, Қарақоңыз, Қақпатас  және Тасөткел су қоймаларының су тарату және су реттеу құрылғыларында  балық қорғау қондырғыларының осыдан қырық жылдай уақыт бұрын  орнатылып, пайдаланылып келе жатқанын анықтаған екен. Олардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық күйде. Дегенмен, мұндай құрылғылар өзге су айдындарының бірде-біреуінде жоқ. Әрісі оларды орналастыру да тым көп қаражат қажет етеді. Әлбетте, оны табиғат пайдаланушыларының қалтасы көтере қоймайды. Олар балық шаруашылығы дамытылуына  қатысты жұмыстарға онысыз да бар қаражаттарын сарқа жұмсауға мәжбүр.

Жамбыл  ауданындағы  Жасөркен  ауылында орналасқан  «Нұреке»  шаруа  қожалығына тиесілі жеке су тоғанында да 2018 жылдан бері тауарлы  балық өсіру ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Су айдынының  жобалық әлеуеті 130 тонна балық аулауға есептелінген. Дейтұрғанмен, облысымыздың барлық су айдындарына бірдей балық қорғау қондырғыларын орнату мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Ал кейбір аудандардағы су айдындары үшін су тапшы. Соның салдарынан олар балық шаруашылығы ісін дамытуға қауқарсыз күйде қалып тұр.

Бірнеше жыл бұрын Ақкөл су қоймасынан алатын Аса өзенінің арнасымен аққан сумен егістікті суару кезінде қыруар балықтың қырылып, текке рәсуә болғанын білетіндер ұмыта қойған жоқ. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демекші, өңіріміздегі балық қорғау құрылғысы жоқ су айдыны иелерінің кез келгенінің мұндай гәпті бастарынан өткеруі әбден мүмкін. Балық өсіруге басты кедергінің бірі де осы болып отырғанға ұқсайды.

Қандай су айдынының болсын тиімділікпен жұмыс істеуі жеке пайдаланушының ұсынақты тірлігіне, бастамашылдығы мен жаңашылдығына, ерінбей еңбектенуіне де байланысты. «Теріс- Ащыбұлақ» су қоймасы Жуалы ауданындағы «Боранды» шаруа қожалығына бекітіліп берілгелі бері осы аумаққа қармағын асынып келетін әуесқой балықшылардың қарамы да күрт көбейген. Мұнда тұрғындар тарапынан, әсіресе, қыс айларында мұз ойықтан балық аулауға деген қызығушылық артуда.

 – Олай болатын да жөні бар. Біз жыл сайын дерлік күз мезгілі келіп, су қоймасы тола бастағанда көлге көптеп майда балық шабақтарын жіберу, сондай-ақ уылдырық шашатын кезінде балықтарды қорғау жұмыстарын үзбей жүргіземіз. Былтырдың өзінде  су «маржандарының» қатары 50 мың шабақпен толықты, – дейді бұл тұрғыда  қожалық жетекшісі Айбек Елекбаев.

«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында негізінен табан, тұқы, көксерке, дөңмойын балықтары табиғи жолмен өсіп, өну үстінде. Ал сазан мен ақ амур балықтарының тұқымы  былтыр қолдан шабақ күйінде жіберілген екен. Айбек Орынбасарұлы бұрындары балық аулаудың лимиттік шегі бар-жоғы 5  тонна ғана болып келсе, соңғы жылдары оның деңгейін 20 тоннаға дейін көтергендерін айтады. Осылай «борандылықтар» аудан тұрғындарын балық етімен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп те отыр.

Айбектің айтуынша, су айдынында арнайы балық қорғау құрылғысының болмауынан, болған күнде де әбден тозығы жетуінен  балықтың басым бөлігі ағын сумен бірге сыртқа ағып кетуде. Біреуінің құны 20-70 миллион теңге аралығында бағаланатын мұндай құрылғы жалпы  облыстағы бірқатар су айдындарын  пайдаланушылар үшін де «арман» болып тұр.  Десе де, олар  бұл іске мүдделі республикалық, облыстық мекемелер тарапынан көмек болады деп те үміттенуде.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының «Оңтүстік-Батыс Балқаш көлі» бөлімнің инспекторлары да бүгінде өздерінде балықтың өсімі азайып, көлемі де кішірейіп, майдаланып бара жатқанын айтады. «Бағзы кездері балықтың бір жердің өзінен 5-6 килограмын бір-ақ аулайтын. Қазір сазандар да өте аз. Оларды бір жағынан жылан балық та жеп, тауысуға айналды. Баяғыдағыдай бір өзі жетпіс килограмм тартатын жайын (сом) секілді балықтар жоқ. Білуімше, Алматы, Жамбыл, Қарағанды секілді үш облыс иелік етіп отырған, жалпы аумағы 750 шақырымды құрайтын Балқаш көлінің аумағында балық аулаумен айналысатын 100- ден астам мекеме бар екен. Мұнда әуесқой балық аулаушылар да көптеп келеді. Осылай аталмыш су айдынының балығы жыл сайын тоқтаусыз ауланып жатыр, ауланып жатыр. Оның ешқандай да тиімділігін көріп отырған жоқпыз. Осы орайда Балқаш көлін үш жылға  жауып тастаса әбден дұрыс болар еді»,  дейді инспекторлар.

Иә, балық та – байлық. Өңдеп, ұқсата алсақ, күнделікті дастарқан мәзірі қатарынан түспейтін, денсаулыққа да пайдалы, жұғымды һәм нәрлі астың бірі де осы. Өңіріміздегі су айдындарына бөлінер квота көлемінің, сондай-ақ балық аулаудың лимиттік шегінің биыл біршама ұлғайтылуы, әсіресе, айдын көлдердегі балық саны көбейтілуіне ден қойылуы саладағы «сеңнің» қозғала бастағанының да нақты дәлелі деу ләзім.

Айта кетейік, бүгінгі күні балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес облыстың су айдындарындағы балық қорын толықтыру ісі жүйелі түрде жүзеге асырылу үстінде. Қазірдің өзінде иеліктеріне бекітіліп берілген су айдындарына балық шаруашылығына жауапты кәсіпкерлер тұқы, ақ амур балықтарының 60 мыңдай құртшабақтарын жібергені белгілі болып отыр. Шабақтар «Сандель» шаруа қожалығы мен «Чергенев»,  «Разаев» жеке кәсіпкерлік құрылымдарының тәлімбақтарында өсірілген. Өңіріміздің басқа да су айдындарында  шабақтандыру жұмыстары жылда күз айларында тұрақты жалғастырылуда. Мұның өзі облыста балық шаруашылығы жұмыстарын үйлестіру ісі біршама жүйелі жолға қойылғанының да нақты айғағында. Яғни, шабақтарды да жергілікті жердегі өз тәлімбақтарда өсіреміз, тауарлы балық өсіру ісі де қолға алынған. Ендеше,  жамбылдықтарды жергілікті жерде өсіріліп, өндірілген балық өнімдерімен жеткілікті түрде қамтамасыз етудің де ауылы алыс емес.