Салада тұрақты өсім бар

0 6

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірімізде мал шаруашылығы ауылшаруашылығы саласының жетекші бағыты ретінде дамып келеді.

Оның айтуынша, өңірдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша облыста тірідей салмақта 64,8 мың тонна ет өндірілген. Бұл көрсеткіш – салада тұрақты өсім бар екенін көрсетеді.

Жыл басынан бері 1 615 тоннадан астам ет және 340 тонна шұжық өнімі экспортқа жөнелтілген. Экспортталатын еттің басым бөлігін қой еті (953,7 т) мен сиыр еті (661,2 т) құрап отыр. Бұған қоса, жылқы еті – 0,2 тонна, ал құс еті – 1302 тонна көлемінде сыртқы нарыққа шығарылған.

Облыстың өнімдері Қырғызстан, Ресей, БАӘ, Кувейт, Қатар, Иран, Сауд Арабиясы және Германия сынды елдердің нарығына жол тартуда. Бұл – жергілікті өнімдердің сапасы халықаралық талаптарға сай екенін дәлелдейді.

Мал шаруашылығын жүйелі дамыту мақсатында өңірде сыйымдылығы 1 000 бастан асатын 9 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тәулігіне 300 бас ұсақ мал және 50 бас ірі қара малды сойып, өңдеуге қауқарлы екі ет өңдеу кәсіпорны тұрақты қызмет етуде.

Биыл жеті айда облыста 130,8 мың тонна сүт өндірілген. Бұл – жергілікті сүт өндірушілер мен тауарлы фермалардың тиімді жұмысын білдіреді. Атап айтқанда, «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында 2024 жылы республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, 15 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Оның төртеуі – сүт тауарлы фермаларын салуға бағытталған.

Сондай-ақ құс еті өндірісінде де өсім байқалады. Қазір облыс аумағындағы «Әулие-Ата Феникс» ЖШС құс фабрикасының өндірістік қуаттылығы 12 мың тоннаға, ал «Алель Агро» ЖШС-ның қуаттылығы 14 мың тоннаға жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 26 мың тоннаға дейін артып, былтырғыдан 25 пайызға жоғары болады деп күтілуде.

Облысымызда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, сыртқы нарықта да өз орнын айқындап келеді.