Жарыс жолында – ардагерлер
Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуғабыл Төребековтің 100 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты ардагерлер арасындағы қалалық спартакиада өтті.
Ерлік пен отансүйгіштік құндылықтарын дәріптеу, ардагерлер арасында саламатты өмір салтын насихаттау және олардың өмірлік тәжірибесі мен рухын жас ұрпаққа үлгі етуді мақсат еткен доданың салтанатты ашылуына Тараз қаласы мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы, Тілеуғабыл Төребековтің қызы Светлана Тілеуғабылқызы және зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты.
Спартакиадада «Белсенді ұзақ өмір орталығы», «Теміржол ардагерлері», «Ардагер ұстаздар», «Колледж ардагерлері», «Ардагерлер орталығы», «Жоғары оқу орындары ардагерлері», «ГВСП», «КазТрансГаз Аймақ ардагерлері» сынды қаладағы ардагерлер ұйымдарынан 8 команда бақ сынасты. Волейбол, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, ләңгі және дартс бойынша өткен спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте І-орынды – «Ардагерлер орталығы» командасы, ІІ-орынды – «Ардагер ұстаздар» және ІІІ-орынды «Белсенді ұзақ өмір орталығы» командасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, естелік сыйлықтар мен қаржылай сертификаттар табысталды.