Димаштың жанкүйерлері Аргентинада Қазақстан құрметіне монумент орнатады

0 56

Ескерткіш жобасын Латын Америкасындағы Қазақстан мәдени орталығының директоры Ирина Вагнер таныстырды.

Биіктігі алты метрлік Alma del Río монументі Аргентинаның Росарио қаласындағы Қазақстан алаңында орнатылады. Бұл бірегей сәулет өнері — 2019 жылдан бері бауырлас қала атанған Алматы мен Росарио арасындағы ерекше байланыс пен достықтың символы. Alma del Río қазақшаға «өзеннің жаны, рухы» деп аударылады, екіншіден «Alma» — Алматы, «Río» — Розарио қалаларының алғашқы-соңғы буындарынан алынған.

Таныстырылымы Дэвис кубогындағы Қазақстан мен Аргентина матчына арналған баспасөз конференциясында өтті. Иринаның айтуынша, мозаика іспеттес шағын керамикалық элементтермен қапталған бұл ескерткіш — бүкіл әлемдегі бірлік, достық пен бейбітшіліктің символы.

Ескере кететін тағы бір жайт, бұл ескерткіштің әрбір бөлігі Димаштың жанкүйерлерінің қайырымдылық жинағының арқасында жасалады. Осы сый арқылы Димаштың жанкүйерлері татулық мен Димашқа деген адал сүйіспеншілігінің шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жобасын әйгілі аргентиналық суретші-мүсіншілер Густаво Аугсбургер мен Даниэль Косик жасаған ескерткіштің ашылуы 2024 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай жоспарланып отыр.