Балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлем түсе бастады

0 22

Осы орайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеме жасады.

— «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға алғашқы нысаналы талаптар (18 жасқа дейінгі балаларға) есептелініп, нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар (2024 жылы 18 жасқа толатын балаларға) түсті, — делінген ресми ақпаратта.

Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталмыш бағдарламаға кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.

Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны — 6 919 131 бала. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады.

«Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді. Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және Бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі», делінген БЖЗҚ хабарламасында.

БЖЗҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2024 жылы 18-ге толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.