Жеті қазынаның бірі – ит

0 31

Қазақ «Жеті қазынаның бірі – ит» дейді. Аңғарсаңыз, адам мен ит арасындағы достық сонау ықылым заманнан жалғасып келеді. Итті кез келген адам (күзетші, малшы, аңшы, орманшы, шекарашы, апат қызметкерлері және т.б.) өзінің сенімді серігі, адал көмекшісі деп есептейді.

Иттер шамамен біздің заманымыздан 15-10 мың жыл бұрын қолға үйретілген деп есептейді зерттеуші ғалымдар. Ит қаңқалары қазба жұмыстары кезінде Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша, қасқыр бөлтіріктерін қолға үйретуден Азияда бірте-бірте ит пайда болған. Осылайша өмірі жылқымен тығыз байланысты көшпенділер үшін ит те сенімді серікке айналған. «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік» деп жазыпты итальяндық саяхатшы Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында. Саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді Шағатай ұлысынан, хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мыңға жуық болған. Қасқыр алар иттерге осынша мән беріліп, хан сарайында өсірілуі – жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді. Қазақи төбеттерден қазіргі алабай, азиат овчаркасы, тибет төбеті және де басқа ірі иттер таралғаны жайлы ғалымдардың пікірі бар.

Төрт түлік – көшпенділердің басты байлығы. Бұл байлыққа көз тіккен басты жау – дала тағылары, бөрі-қасқырлар. Қасқырды жалаң қолмен алған ерлер болса да, кейде көшпенділердің жауынгерлік қабілеттері, орын ауыстырып отыруы мен кірпік қақпай күзететін сергектігі табиғат жыртқыштарының шабуылынан қорғап қала алмайтын тұстар да кездесетін. Айтпай келетін апат – қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын ерекше қасиет төбеттерде ғана болған.

Алматы облысындағы Тамғалыдағы тасқа қашалған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, онда бұл иттердің осы өлкеде өмір сүріп жатқан кезеңін 4 мың жылдан асқан деп қарап, қазіргі төбеттің бүкіл қазақ халқы бастан кешкен дәуірлердің куәгері болған асыл тұқымның шынайы ұрпағы екенін батыл айтуға болады. Олай болса, француздың «желдей жүйткіген жүйріктер дәуіріндегі көшпенділер өркениетін сақтап қалған ит туралы» таңданысына төмендегідей дәлел айтуға болады. Төбет – көшпенді өмір тарихының құнды жәдігері, отырықшы мәдениет тұсында жоғалып кету қаупі төнген алып кейіпкер, яғни өзін сомдаған уақытқа қалтқысыз қызмет еткен шынайы перзент. Енді бұл иттердің көшпенділер өмірінен салынған бірде-бір суреттен бой көрсетпеуі жөнінде сұрақ туары сөзсіз. Төбет – жеті қазынаның бірі, дала көшпенділері оны құндылық ретінде тіл-көзден сақтауға тырысқан.

Ит туралы көптеген қызықты ертегілер мен керемет әдеби шығармалар жазылып, тамаша кинофильмдер түсірілген. Солардың бірі – бүкіл әлем жұртшылығына таныс Жапония еліндегі Хатико атты иттің иесіне деген ерекше адалдығын суреттейтін, шынайы өмірден алынған кинофильм. Бұл фильмді тамашаламаған адам кемде-кем. Адамға деген иттің достығының беріктігі мен адалдығы жапондықтар арасында символға айналып, көпшілікті ерекше толқытады.

Осы тәріздес оқиғаның Ақмола облысындағы Степногор қаласында болғаны жайлы «Жас Алаш» газеті кезінде жазды. Онда халі нашар ер адамның «Жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күннен кейін ауыр дерттен жансақтау бөлімінде көз жұмғаны, мекемеге дейін көлікпен ілесіп келген қара иттің сол жерден кетпей, иесін күтіп жүргені арқау болған. Аурухананың алдында иесін күтіп жүрген иттің әрекеті көпшіліктің қызу талқысына түскен. Төртаяқтының адалдығына тәнті болған қала тұрғындары мен аурухана қызметкерлері оны әлгі Жапон елінің әйгілі Хатикосына теңепті. «Иесінің ішке кіргенін көрген төртаяқты оның шығатынын күтіп жүр. Ит ешкімге үрмейді, тиіспейді. Кіріп-шыққан адамдардың түріне мұқият қарап қояды. Адамдардан бес метр алшақ жүреді», депті Степногор қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері. Иттің иесіне деген берік достығы адамды таңғалдырады, жан дүниеңді елжіретеді.

Көрнекті жазушы Несіпбек Дәутаевтың «Ақ күшік» деген қызықты, кинофильмге сұранып тұрған тартымды хикаясы бар. Тағдыр тауқыметімен бірін бірі түсінбей ажырасып кеткен жұбайлардың арасын жақындатпақ ниетпен екі ауыл арасында ақ тер, көк тер болып шапқылап, әлек болып жүрген ақ күшіктің өз иелеріне деген махаббаты, адалдығы көркем, әдемі суреттеледі. Хикая соңында екі иесін жолықтырмақ болып зыр жүгірген ақ күшік көпір шайылып, топан суға ағып кетеді. Екі жағада тұрған жұбайлар өздері кішкентайынан асыраған иттерінің адамға бергісіз тіршілігіне, адалдығына, иелері үшін жанын пида еткеніне куә болады. Бұл хикаятты толқымай оқу мүмкін емес. Кішкентай ғана ақ күшіктің иелеріне деген адалдығы, тазалығы шынайы көрсетіледі, оқушысына терең ой тастайды.

Сондай-ақ, белгілі қазақ жазушысы Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» атты ғажайып повесі бар. Бұл туындының жарыққа шыққанына біраз жыл өтсе де, оқырман әлі де іздеп оқиды. Шығармадағы Марғау деген иттің иесіне деген жанашырлығын қалай ұмытасыз? Осы повестің жазылуына қандай оқиға түрткі болғанын жазушы бір сұқбатында былай баяндайды: «Бірде жолым түсіп, Алматы облысының Кеген ауданына бардым. Кездескен адамдардың бірі ит туралы маған мынадай бір қызық оқиғаны айтып берді. Күзде қой отарлары таудан қыстауға қарай көшкенде бір шопанның иті жоғалып кетіпті. Әрі іздеп, бері іздеп, шақыра-шақыра таппаған соң, қасқыр жедіге жорыпты да, ол байғұс көшіп кете берген. Қыс өтеді. Келер көктемде әлгі шопан бұрынғы үйреншікті ізімен таудағы жайлауға келе жатса, былтырғы қой жусатып, демалған жерінен иті шыға келіпті. Өкпелегені сондай, шақырса келмейді. Жақындаса, үреді де шегіне береді. Бұған не болған деп бақса, шопан иті көшкен жұртта ұмыт қалған ескі тонды күзетіп қысты өткізіпті».

Бір басқосуда иттердің адал қызметі жайлы әңгіме өрбіді. Сонда Қытайдан келген қандасымыз мынадай бір оқиға айтып беріп еді: «…Қытайдағы Тарбағатай аймағының Жайыр деген жерінде Жұмақасым атты кісінің ерекше жуан, үлкендігі тайыншадай төбеті болыпты. Төбеттің бір ерекшелігі, малға, қораға келген, жүрісі бейсауыт адамдарға үріп қана қоймай, аттың үстінен жұлып алатын көрінеді. Бірақ, жұлып алған адамын жараламайды, таламайды, тіпті, тісін тигізбейді. Екі аяғымен кеудесін басып отырады, адам қимылдаса болды, тісін ақситып ырылдайды. Бірде қораға түспекші болған ұрыны атынан аударып алып, басып тұрыпты. Иесі шығып «Неге жүрсің, неғылған адамсың?» дегенде, ұры шынын айтыпты. Шынын айтқандықтан Жұмақасым «Бұдан кейін ұрлыққа түссең, төбетімнен арашалап алмаймын», деп ұрыны жазасыз жіберген екен».

Осыдан көп жылдар бұрын малшы ауылдарын аралап жүріп, мынадай әңгіме естігеніміз бар. «Отыз жыл қой баққанда менің бір малым жоғалды дегенді естігендерің бар ма? Шілденің шіліңгір ыстығында да, қаңтардың қақаған аязында да қорама күзет қоймаймын. Таң атқанша Ақтөс атты төбетім қораны айналып жүреді. Таңсәріден қоймен бірге кетіп, кеш бата келеді. Отарды мен емес, осы итім бағады десем болады. Заты ит, іс жүзінде мына кейбір жалқау қойшы- малшылардан артық екенін білемін», деген шопан сонда итін мақтап.

Тайгадағы кәсіби аңшылар аң аулауға иттерсіз бара алмайды. Ит аңның иісін алыстан сезіп, оның қайда тығылғанын иесіне «көрсетіп» отырады. Үйрек-қаз, қырғауыл атуға барғанда да аңшылыққа үйретілген ит-құстарды үркітіп, оларды атуға мүмкіншілік туғызады. Қалың бұтақтар мен қамыстар арасынан, тіпті, суға түскен қаз-үйректі, қырғауылды ит өзі тауып, иесіне жеткізеді. Ақылды ит жанары көрмейтін, өз бетімен жүре алмайтын зағиптардың сенімді көмекшілері. Олар иесін көшеге, саябаққа шығып демалуына мүмкіншілік береді. Әрине, олар алдын ала кинологтардың көмегімен дайындалу керек. Расында да, ит туралы әңгіме мол, көптеген қызықты оқиғаларды тізіп айта беруге болады.

Жаңбыр жауғанда иттердің тасалайтын жер іздеп жүгіріп жүргенін көреміз. Олар су болып қалудан қорықпайды. Жаңбырдың дауысы сезімтал құлағына кері әсерін тигізуінен сақтанады. Олар біздің эмоциямызды түсінетін бірден-бір ақылды жануар. Оған көз жүгірте бір қарағанның өзінде қуанып тұрғаныңызды, мұңайғаныңызды, ашуланғаныңызды, ұялғаныңызды бірден сезе қояды.

Иттерді ұлт мақтанышына – брендіне айналдырып отырған халықтар бар. Алысқа бармай-ақ, көрші түрікмен ағайындар кілемін, жылқысы мен алабай итін ұлттық бренд деп санайды, мақтан етеді. Бізде де ата-бабаларымыздан жеткен қайсар да қажырлы төбет, түлкі мен қоянның адымын аштырмайтын, желмен жарысқан тазы иті бар. Бірақ, олар жойылу алдында тұрғанын жиі естіп жүрміз. Базбір деректерге сенсек, Қазақстан бойынша 500-дей ғана қаны таза тазы бар болса, төбеттер саны да шамалы екен. Сондықтан, төбет пен тазыны сақтап, оларды дамыту бағытында елімізде қоғамдық ұйымдар құрылып, біршама игілікті істер атқаруды мақсат етіп отырғаны ризашылық тудырады. Қазақ тазысын және төбетін әлем кинологтарына мойындату бағытында біраз игілікті істер атқарылуда. Арнайы қауымдастықтар ұйымдастырылып, жыл сайын еліміздің әр өңірінде «Қансонар» секілді құсбегілер мен аңшы иттерінің байқаулары өткізіліп келеді. Халықаралық байқауларға қазақтың тазы иті қатысып, көпшіліктің көңілін өзіне аударып, тиісті бағасын ала бастады. Ой таразысына салсақ, қазақи төбет пен тазы халқымыздың брендінің бірі деп есептеуіміз керек.

Бүгіндері итпен таңертең, кешке қыдыруды әдетке айналдырғандарды қала ішінен жиі көруге болады. Зерттеушілердің айтуынша, ит асырайтын адамдар басқаларға қарағанда 66 пайыз көп қозғалатын көрінеді. Бұл да иттің адамға келтірер бір пайдасы екенін ұққанымыз жөн.

Ит туралы айта отырып, оны күтудің кейбір мән беріле бермейтін тұстарына көңіл аударғанымыз дұрыс. Ит ұстауға бейжай қарауға еш болмайды. Ол иесіне тиісті жауапкершілік артатынын есте ұстаған абзал. Оны міндетті түрде тіркеуге қойып, мезгіл-мезгіл жергілікті ветеринарлық амбулатория қызметкерлеріне көрсетіп, оларда жиі кездесіп отыратын инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы вакциналар еккізіп, арнайы антигельминттік препараттар берілуі керек. Егер итті көпқабатты үйдегі пәтерде, тұрғын үй ішінде ұстасаңыз, санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау керек. Әсіресе, үйінде жас балалар болса, ит ұстар алдында жақсылап ойланып барып, дұрыс шешім қабылдаған жөн. Өйткені, иттің өзі 20-дан астам аурудың тасымалдаушысы, өкпе және де басқа ағзаларға қауіп төндіреді. Балалар, әсіресе кішкентайлар, көбінесе токсокара, эхинококкоз және де басқа паразит жұмыртқаларымен ластанған құмсалғыштарда, аулада ойнайды. Баланың аты бала. Абайсызда олар инфекциялық, паразиттік аурулардың жұмыртқаларын өздеріне жұқтыруы әбден мүмкін. Әсіресе, эхинококкоз ауруы жиі кездеседі. Эхинококк жұмыртқасы баланың асқазан-ішегіне енгеннен кейін ол «сыртқы қабығынан» арылып, қан тамырлары арқылы бауыр, өкпе және басқа ағзаларда «ұялап», одан кисталар (жылауықтар) дами бастайды. Олар өсе келе ағзаның қызметін бұзады. Бұл ауру қауіпті паразиттік ауыр дерттің бірі деп саналады. Оны емдеу көбінесе хирургиялық отамен аяқталады. Егер жағдай өте ауыр болса, науқасқа операция жасаудың өзі емдеуге мүмкіндік бермейді. Бұл жағдайда химиотерапия көптеген жылдар бойы жүргізуге тура келеді. Кейде ол ем өмірінің соңына дейін жүргізілуі мүмкін.

Тағы бір ойландыратын мәселе, өкінішке қарай, қалалар мен ауылдарда иесіз, қаңғыбас иттер саны жылдан жылға көбеймесе азаяр емес. Әрине, олар ортамызда көптеген проблемалар туғызып отыр (қауіпті инфекциялар таратуға себепкер, жас балаларды қауып, жарақаттандыруда және с.с.). Қоғамымызда қаңғыбас иттердің болу, болмауы адамдарға көп байланысты. Бақылаусыз, қараусыз, иесіз қалған иттер жас балаларға қауіп төндіруде. Елдің зәре-құтын қашырып жүрген қаңғыбас иттер туралы қоғамда екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі ит-құсқа аяушылық танытса, енді бірі адам өміріне қауіп төндіріп жүрген қараусыз иттердің көзін жою керек дейді. Тіпті, осы қаңғыбас иттер адамдарға шабуылдап, ол қабаған бұралқылардың кесірінен кейбір өңірлерде бала өлімі болғанынан хабардармыз. Ашыққаннан ба, әлде құтырғаннан ба, бала түгілі, үлкен адамдардан именуді қойған қаңғыбас иттер жалғыз-жарым жүрген адамдарды тарпа бас салып талап тастайтын болған.

Мемлекет жағынан бұл мәселеге көңіл аударылып, біраз істер атқарылуда. Қалаларда қаңғыбас иттерді аулап, оларды орналастыратын арнайы вольер-панажайлар ұйымдастырылған. Белгілі бір уақытқа дейін (әдетте 60 күн) әлгі қаңғыбас иттерді сонда ұстап, иесін күтеді. Егер иесі келмесе олардың біразын дәріменен «ұйықтатады» немесе стерильдеп, чип салып, еркіндікке жібереді. Зооқорғаушылар қауымы бұл істі әркез қолдай бермейді. Әлеуметтік желілер мен теледидардан күстаналап, айқай-шу шығарып, жоғарыға проблема қойып, дабыл қағып жатады. Ал, бұған жауапты ветеринария саласының қызметкерлері бұл мәселені толық шешуге қаржы тапшылығынан қауқарсыз болып отыр.

Міне, осындай проблема әр өңірде бар. Не істеу керек? Осы сұрақ көптің көңілінде жүр. Кімде қандай ой бар?

Сағындық ОРДАБЕКОВ