Мұқтаж ауылдастарына асарлатып үй салып берді

0 98

Жамбыл ауданында 2020 жылдан бері «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 29 үй пайдалануға берілген. Жоба жалғасын тауып, Жаңа жыл қарсаңында Шайқорық және Жалпақтөбе ауылдарында мұқтаж екі отбасыға баспана кілті табысталды.

Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуымен бой көтерген үйлер ардагерлер алқасының шешімімен тұрмысы төмен, отбасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жанұяларға берілді.

Шайқорық ауылындағы Сәрсеновтер әулетінің қуаныштарын бөлісуге арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова бұл ауыл азаматтарының ынтымағы мен ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болып отырғанын айта келіп, қанымызда бар осы қасиеттердің киесін қашырмай отырған шайқорықтықтарға риза көңілін білдірді.

Дәл осындай қуанышқа бөленген Жалпақтөбе ауылындағы «Тұрғани» мешітінің имамы Ахлиддин Машуевке де аудан басшылары мен ауыл тұрғындары ыстық ықыласпен баспана кілтін табыс етті. Осы уақытқа дейін аталған екі отбасы ауылда жалдамалы үйде тұрып келген.

Айта кету керек, тұрғын үйлер барлық талапқа сай соғылған. Балалалар бөлмесі бөлек әрі ауласы кең. Барлық бөлме үй жиһаздарымен және қажетті заттармен қамтамасыз етілген.