ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖАН САЯСЫ
Орман – ең алдымен адамның денсаулығына пайдалы. Сондықтан да демалыс үйлері, тынығу орындары орман-тоғай арасына салынады. Ол жердің ауасы таза, әрі шипалы. Орман – жомарт табиғаттың адамға тартқан сыйы, ол байлықтың қасиетті қоймасы. Орман-тоғай – баға жетпес табиғат қазынасы, халық байлығы. Осыны жақсы түсінген ата-бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деп өсиет еткен, жыл басы Наурыз мерекесі тұсында ауыл-аймақты қоқыстан тазартып, бұлақ көзін ашумен қатар ағаш көшеттерін отырғызған.
Тәуелсіз мемлекетіміз де ел аумағындағы жасыл желекті қорғау мен ұлғайтуға айрықша мән беріп келеді. Табиғат жауһарлары саналатын аймақтарда табиғи қорықтар құрылып, қатаң қорғауға алынған. Жастарымыз «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жыл сайын ел аумағын көгеріштендіруге белсенді атсалысып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», дей келіп, бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды тапсыруы да осының айғағы.
Бес жылда 140 миллион түп ағаш
Осы отырғызылуы тиіс 2 миллиард түп ағаштың 140 миллионы біздің облысқа тиесілі. Осы мақсатта «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар да бекітілген. Соған орай былтыр облыстың мемлекеттік орман қорындағы 7300 гектар жерге 10,4 миллион дана ағаш (сексеуіл, қарағаш) отырғызу жоспарланып, 7300 гектарға 10,6 миллион дана ағаш егу және себу жұмыстары орындалған. Сонымен қоса былтыр жалпы күзгі санақ қорытындысымен 18,0 мың гектар аумақ көмкерілген жерге айналған. Ал 13290 гектар жерге 24,6 миллион дана ағаш отырғызу жоспарланып отыр екен. Көктем айларында 5190 гектар жерге 15,3 миллион дана отырғызылып, 250 гектар жерге 253 мың дана орман толықтыру жұмыстары орындалған.
Күзге қарай 8100 гектар жерге 9,3 миллион дана ағаш себу жұмыстарын орындау жоспарда тұрған болса, алдағы 5 жылда 140 миллион түп ағаш егу үшін 71,7 мың гектар орман қоры жерін дайындау қажет көрінеді. Жоспарға сәйкес өткен жылы «Казгипролесхоз» мекемесі тарапынан 35000 гектар аумаққа топырақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 14632 гектар орман екпелері қоры жасақталған. Ал биылға 45000 гектар алқапқа осы жұмыстарды жүргізу жоспарланған болса, сексеуіл көшеттерін отырғызу жоспары толық орындалған.
Табиғатты түрлендіру үшін облыс әкімдігі материалдық-техникалық базаны да жақсартқан. Атап айтқанда өткен жылы 49 дана техника, 8 мотоцикл, 8 автокөлік, 9 соқа, 10 трактор МТЗ-952, 3 стационарлық рация, 17 көшет отырғызу машиналары, 10 тұқым сепкіш, 5 дана тұқым сепкіштің негізгі құрал-жабдықтарын алуға 217 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілген. Соның нәтижесінде жабдықталу деңгейі 78 пайызды құрап отыр. Ал биылға материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатына 260 миллион теңге бөлу жоспарланыпты. Бүгінгі таңда 87 миллион теңге қаражат бөлініп, оған 2 дана трактор және 21 дана қосымша агрегаттар сатып алынған.
Бүгінде облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4427034 гектарды, ал оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2357123 гектарды құрайды.
Жедел қызметтің жүйелі жұмысы
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құрамындағы «Сапсан» жедел қызметі 2019 жылы 29-қарашада облыс әкімінің шешімімен құрылған болатын. Жедел қызметтің негізгі міндеті – қоршаған ортаны, табиғат ресурстарын, ормандарды және жануарлар, өсімдіктер дүниесін қорғау, күзету. Сондай-ақ олар мемлекеттік орман қоры жерлерінде 4430,7 мың гектар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 3715,4 мың гектар, еркін аймақтарда 2 094,6 мың гектар жер аумағында ҚР заң талаптарына сәйкес қастандықты және құқық бұзушылықтарды болдырмау, жолын кесу жұмыстарын да атқарады.
«Сапсан» жедел қызметі көптеген заң бұзушылықтың алдын алуда абыройлы іс атқаруда. Атап айтсақ жуырда Жуалы ауданында екі азамат бір жылда екі рет аңшылық қағидасын бұзғаны үшін ұсталып, айыптау үкімдері шықты. Жамбыл жерінде мекендейтін еті дәмді, емдік қасиеті мол жабайы қоянды қолға түсіргісі келетіндердің қатары сиремей тұр. Соның бір дәлелі – таяуда Шу мен Талас аудандарында қоянға мылтық атқан азаматтар құрықталып, қаруы тәркіленген болатын.
ҚР «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Заңының 39-бабы 5-тармағының 3-тармақшасында шегеленіп жазылған биологиялық негіздеменің негізінде уәкілетті орган белгілейтін мерзімдерде және орындарда қысқы кезеңде балықтардың қыстайтын шұңқырларында, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде балық аулауға тыйым салынған болса да, заңды белден басатындар аз емес. Мәселен «сапсандықтар» Меркі ауданында бір азаматты заңсыз құралдармен балық аулағаны үшін құрықтаған. Балықтардың уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде қармақ салған азамат 145000 теңге айыппұл арқалады. Сонымен қатар Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлескен іс-шара барысында Меркі ауданы, Аспара ауылының аумағында орналасқан Аспара су қоймасының маңында бір азаматтан балық аулауға рұқсат берілмеген тоқ құрылғысынан жасалған, балық аулайтын және шамамен 500 метр құрайтын моноталшықтан жасалған Қытай торын, сонымен қатар бір дана резина қайығы, үш дана жарық анықталып, барлық заттар актімен тәркіленіп, процессуалдық шешім шығару үшін Меркі АПБ өткізілді.
Сонымен қатар осы жылы Мойынқұм ауданындағы «Андасай» ерекше қорғалатын табиғи аймақтан үш дана жабайы үйрек атқаны үшін бір азаматқа хаттама толтырылған. Одан еш жерде тіркелмеген аңшы мылтығы тәркіленіп, Мойынқұм аудандық полиция бөлімшесіне өткізілген. Мойынқұм аудандық сотының шешімімен оған 150087 теңге айыппұл салынып, аңшы қаруы мемлекет есебіне тәркіленген.
Жалпы мамандырылған «Сапсан» жедел қызметі 2022 жылдың 1-тоқсанында заңсыздықпен күрес бағытында 32 рейд жүргізіп, табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға барлығы 52 хаттама толтырған. Әртүрлі деңгейде айыппұлдар салынып, ескертулер берілгені де жетерлік. Мекеме инспекторлары тарапынан салынған жалпы айыппұл мөлшері 416,6 мың теңгені құрап, барлығы дерлік өтелген. Осы іс-шаралардың нәтижесінде, облыстағы орман қорларында, ерекше қорғалатын табиғи аңшылықтарда және еркін аймақтарда аң мен құсымыздың саны артып келеді.
Балық та байлық
Облысымызда балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасында облысымызда тауарлы балық аулау көлемін 2025 жылы 3000 тоннаға, 2030 жылы 8000 тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Тиісті орындардың мәліметінше, жоспар артығымен орындалуда. Атап айтқанда былтыр 105,9 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланған болса, іс жүзінде 383 тонна балық өнімдері өндірілген.
Ал биыл форель және тұқы тұқымдас 464,3 тонна балық өндіру жоспарда тұр екен. Әрине бұл өндірісті дамыту үшін кәсіпкерлерді қолдау аса маңызды. Осы мақсатта 59 миллион теңге субсидия да қарастырылған. Балық шаруашылығын дамытудың тағы бір ұтымды жолы – инвестор тарту. Бұл орайда бүгінде 18 инвестор жалпы қуаттылығы жылына 1878 тонна балық өнімдерін құрайтын балық шаруашылығын қолға алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Олар Қордай, Шу, Мойынқұм, Жамбыл және Байзақ аудандары арқылы өтетін Шу, Талас өзендерінің бойынан жасанды балық өсіру тоғандарын жасауға жарамды 18 жер учаскесін игеруге жалпы 2,2 миллиард теңге инвестиция құймақ.
Қазіргі таңда облыс аумағында 142 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі орналасқан. Оның ішінде 79 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны 70 табиғат пайдаланушысына бекітіліп берілген. Ал қалған 63 балық шаруашылығы су айдыны әзірге бос тұр. Сондай-ақ 2022 жылдың 1-тоқсанында облыс аумағында кәсіпшілік балық аулау мақсатында Балқаш көлінің бес учаскесі және акваөсіруге жарамды бір балық шаруашылығы тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін аукцион арқылы бекітіліп берілген.
Тағы бір айта кетерлігі, Тараз қаласы мен облыс тұрғындары үшін заң шеңберінде кәсіпқой және әуесқой балық аулауға рұқсат, тіпті бір жылға квота да беріледі. Атап айтқанда 2021 жылдың 1-шілдесі мен 2022 жылдың 1-шілдесі аралығында бөлінген квота 2075,9 тоннаны құраған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп.
Өңірлік табиғи паркі мен табиғи аумақ құрылмақ
Табиғаты тұнып тұрған біздің Әулиеата өңірінде бүгінгі таңда ерекше қорғалатын он табиғи аумақ бар. Үшеуінде жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жұмыстары жүргізілуде. Яғни алдағы уақытта олардың қатарын «Меркі» және «Бетпақдала» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мен жергілікті маңызы бар «Сұлутөр-Ботамойнақ» табиғи аумағы толықтыратын болады. Аталған парктер құрылған жағдайда таудағы аңшылық шаруашылықтар өз жұмысын тоқтатып, ол жерде аң аулауға қатаң тыйым салынбақ.
Биыл орман қорындағы жайылым нормасын төмендету бойынша конкурстық негізде 3,5 миллион теңге қарастырылып, Қазақ ұлттық аграрлық университеті жеңімпаз деп танылған.
Ұсынылған материалдар нәтижесінде биылға «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізуге, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданған. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айының қорытындысымен жеке және заңды тұлғаларға 667 орман билеті беріліп, 447,1 мың гектар жайылымдық алқаптар босатылған екен. Оның ішінде шөп шабуға – 65, мал жаюға 599 орман билеті берілген. Сондай-ақ орман пайдаланудан жергілікті бюджетке шамамен 22,3 миллион теңге түсіп, қазынаны молайтуда.
Өкінішке қарай заң бұзушылардың қатары азаймай тұр. Атап айтсақ ағымдағы жылдың үш айының өзінде орманды қорғау, күзету бойынша 170 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, рұқсатсыз шөп шабу мен мал жайып, заңды бұзғаны үшін 43 тұлғаға хаттама толтырылып, 1439,1 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Балық аулауға берілген квоталар жануарлар дүниесін пайдалануға да қарастырылған. Мәселен 2021 жылдың 1-шілдесі мен ағымдағы дәл осы мерзіміне дейін жабайы аң-құстың 17 түріне аңшылық жасауға, 65 180 дарақ аулауға квота берілген.
Дегенмен табиғат пайдаланушыларға мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидасына және аң аулау ережелеріндегі аң аулау мерзімдеріне сәйкес уақытта ғана мылтық асынуға рұқсат екендігін де естен шығармаған абзал. Бүгінде 52 аңшылық алқаптың 38-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілсе, алдағы уақытта бос аңшылық шаруашылықтар конкурс арқылы үлестірілмек.
Соған қарамай заңсыздыққа баратындардың қатары сиремей тұр. Атап айтсақ осы жылдың 1-тоқсанында мемлекеттік орман қоры мен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы резервтік қорында 197 рейд жүргізіліп, аң аулау ережесін бұзу, балық аулау және балық қорларын сақтау ережелерін сақтамау фактілері бойынша 62 хаттама толтырылып, 516,2 мың теңге айыппұл салынған.