Жаста берген тәрбие — жас қайыңды игендей

0 23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында жастар тәрбиесіне үлкен мән берді. Биылғы жылдың «Балалар жылы» деп жариялануы да бекерден бекер емес. Өйткені өскелең ұрпақ – ел келешегі, ұлттың жалғасы. Бала болашағының іргетасы мықты болуына ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді.

Осыған орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Ғани Мұратбаев атындағы гимназияда жастармен кездесті. Кездесуге Сарыкемер ауылындағы бес мектептің 9-11-сыныптарының қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген, үздік оқитын елуден астам оқушысы қатысты.

Еркін форматта өткен кездесуде аудан әкімі білім саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайға тоқтала келіп, Тәуелсіз еліміздің тірегі білімді жастар екенін айрықша атап өтті. Кездесуде Балалар жылына байланысты бейнеролик көрсетілді. Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның үздік оқушысы Нұрбақыт Құлмырзаева жүргізген келелі кездесуде Ғ.Мұратбаев, Сарыкемер, №1 мектеп-гимназия, Ю.Гагарин, Н.Киікбаев атындағы орта мектептердің оқушылары Әсем Жұмахан, Нұрдаулет Нариман, Аружан Тілеу, Мөлдір Сайлыбай, Мұхамедияр Ділдақұлов, Айдана Айтбала аудан әкіміне балалық шағы, мамандық таңдау, жетістікке жету жолы, адам бойындағы қасиеттер, өмірдегі ұстаным, бос уақытты пайдалану, ауданда өндіріс орындарының ашылуы туралы сұрақтарын қойды.

— Ауданымыз негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Оның ішінде мал өсіріп, егін егуге басымдық берілген. Біз өз халқымыз ғана емес, аудан іргесіндегі Тараз қаласының халқын да ет, сүт, көкөніспен қамтамасыз етуге жұмыс жасаймыз. Бұл ретте ауданға ауылшаруашылығы мамандары (механик, гидротехник, зоотехник, мал дәрігері) аса қажет. Сондай-ақ ауданымыздағы колледжде механизатор, слесарь, дәнекерлеуші, тігіншілер дайындалады. Онда да білім алып, жақсы мамандық иесі болуға болады. Сондай-ақ мұғалім, дәрігер, есепші мамандар да жетіспейді.

Мен қолым бос кезде Шерхан Мұртазаның кітаптарын оқып, одан өзіме керек көп нәрсені аламын. Біздің балалық шағымыз бүгінгі сендердікіндей емес еді. Біз қазақы ауылда тұрғандықтан орыс тілінен қиналдық. Алайда көп ізденуге тура келді. Ұстаздарды қатты сыйлайтын едік, ақыл-кеңестерін тыңдап өстік. Жақсы тәрбие, терең білімді мектептен алдық десек те болады. Ал мамандық таңдауда қателескеніміз жоқ. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Тараз қаласындағы астық қабылдау пунктінде слесарь болып еңбек жолымды бастадым. Еңбегім бағаланып, қызметім өсіп отырды. Адал еңбек қашанда әділ бағасын алатынын ұмытпау керек. Қазір жастарға барлық жағдай жасалып отыр. Қазіргі қымбатшылық халыққа оңай тиіп отырған жоқ. Соған қарамастан өз кәсібін ашып жұмыс істеуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көп көмектер көрсетілуде.

Ауданда үлкен өндіріс орындары жоқ. Жер табиғатына байланысты өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік болмай отыр. Аудандағы құс фабрикасы мен сүт өңдеу цехының жұмысын кеңейтуге жұмыс жасалуда. Сондай-ақ екі шаруа қожалығы шұбат, қымыз өндіруді қолға ала бастады. Ата-аналарыңның, ұстаздарыңның ақыл-кеңесін, тәрбие-білімін алып, ертеңгі күні жақсы маман болып шығуларыңа тілектеспін. Ауданға аса қажетті мамандықтарды игеріп, қызмет жасағандарың дұрыс. Тәрбиелі болып, жақсы оқумен бірге шығармашылықпен жұмыс істеп, мәдениет, спортпен айналысқандарың жөн. Қашан да әділ, адал болып, дұрыс жолмен жүріңдер, — деді Бақыт Алпысбайұлы.