Тамшылатып суарып, табыстарын еселемек

0 19

Ауданда көктемгі егіс-дала науқаны басталды. Қазір дала төсінде қарбалас шақ, қызу жұмыс. Оған 140-тан астам ауылшаруашылығы техникасы тартылған. Үстіміздегі жылы ауылшаруашылығы дақылдары 14095 гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 330 гектарға ұлғаятын болады. Жауапты мамандардың айтуынша, егін егуге қажетті 260 тонна кепілдендірілген дизель отыны шаруаларға 194 теңгеден берілу үстінде. Биылғы жылға 300 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш алу жоспарда бар көрінеді.

Қазіргі уақытта 8 шаруа қожалығы 300 гектар егістік жерді тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен жерді пайдалануға көшкен. Соның бірі — Бостандық ауылдық округіне қарасты «Нұрдәулет» шаруа қожалығы.

Аталған шаруашылық 52 гектар аумаққа көпжылдық шөп егіп, өнімді жаңбырлатып суғару арқылы жинамақ. Жалпы ағын су мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Оған бірден-бір себеп жерге ылғалдың аз түсуі және суға деген сұраныстың артуы. Сондықтан мамандар шаруаларға су үнемдеу тәсілін қолға алуға кеңес беріп отыр. «Нұрдәулет» шаруа қожалығының төрағасы Ахмедияр Айтбаев та осы жүйені пайдалану арқылы, егіннің шығым көлемін байқап көрмек ниетте.

— Жаңбырлатып суғару жүйесін биыл ғана қолға алып отырмыз. Бұдан бұрынырақ иеліктегі аумаққа жоңышқа егіп көргенбіз. Өздеріңізге белгілі жоңышқа — суды қажет ететін өсімдік. Су болмаса одан өнім жинау бекер. Біздің де судың тапшылығынан жасаған еңбегіміз далаға кетті. Енді міне осы жүйені сынап көрмекке бел будық. Бұл қондырғыға 50 пайыздық субсидия арқылы қол жеткіздік. Бірақ оған қажетті инфрақұрылымға бөлінетін субсидияны әлі ала  алмай отырмыз. Осы қаражат берілсе, алаңсыз жұмысымызды жалғастыратын едік, — дейді.

Шаруа қожалығының алдағы жоспары да ауқымды. 52 гектарға егілген шөптің шығымы жақсы болса, жаз ортасына қарай оның көлемін де ұлғайту ойда бар көрінеді. Өйткені жаңбырлатып суғаратын қондырғы 100 гектарға арналған. Ахмедияр Айтбаевтың айтуынша, жұмыстар мұнымен шектелмек емес. Болашақта егіс көлемін 200 гектарға арттырып, комбайн сынды ауылшаруашылығы техникаларымен толықтыруды қолға алмақ.

 «Нұрдәулет» шаруа қожалығынан бөлек, Бостандық ауылында қазіргі таңда 50 гектар бақша дақылдары тамшылатып суғарылып жатыр. Сондай-ақ «Жаңалық» шаруа қожалығы иелігіндегі 10 гектар жерден тамшылатып суғару әдісі арқылы өнім жинамақ мақсатта.

Жалпы Бостандық ауылдық округіне қарасты 1227 гектар суғармалы алқап болса, оның 985 гектары игеріліп отыр. Ауылдық округі әкімі Мұратхан Рысдәулеттің сөзінше, бүгінге дейін 130 гектар бақша дақылдары мен 120 гектар көпжылдық шөп егіліп қойған. Қазір 30 гектарға картоп отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ағын су тапшылығы шаруаларға оңай тимей отыр. Су үнемдеу технологиясын пайдалану да осы қиындықтан шығудың бір жолы. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдісі арқылы мол өнімге қол жеткізіп отырған шаруалар аз емес. Бастысы бейнетке бейімделіп, іске тәуекел жасасаң болғаны. Өйткені табыс табанды еңбекпен келеді. Мұны жерден нәсібін айырған шаруалар жақсы түсінеді.