Жасөспірімдер құрамасына жамбылдықтар да жолдама алды

0 19

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында жасөспірімдер арасында самбодан ел чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге республикамыздың барлық аймағынан келген 400-ден аса жас самбошы кім мықтыны анықтады. Үш күнге созылған додада бұған дейін халықаралық аренада өнер көрсеткен оғландар да бар.

Білектілер бәсекесінде  жерлестеріміз тамаша өнер көрсетті. Ұлдар арасындағы белдесулерде жамбылдық жас өрендер оза шапты. Команда сапындағы Алмат Ахматғали (71 келі), Бейбарыс Нұғман (79 келі) және Бейбарыс Райс (+78 келі) қарсылас шақ келтірмей ел чемпиондары атанса, Әден Дінмұхамед (53 келі), Әли Әлімби (64 келі) және Диас Тұрлыбек (71 келі) ақтық сында ғана сүрініп, күмістен алқа тақты. Ал Ерік Нұрдәулет (58 келі) қола медаль иегері атанды. Қыздар арасында өткен жарыста жамбылдық Сара Шұғаева (50 келі) алтын тұғырға көтерілді.

Балғын балуандардың боз кілемдегі бәсекесін республикалық самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов, вице-президенті Манарбек Бисекенов, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Біржан Иманханов бастаған басшылар мен майталман мамандар тапжылмай тамашалады. Себебі Талдықорғанда өткен жарыстың қорытындысы бойынша жасөспірімдер құрамасы жасақталып, олар биылғы жылдың екінші жартысында өтетін әлем және Азия біріншіліктеріне қатысатын болады.