Робототехникаға құштар өрендер

0 12

Бүгінде балалардың қызығушылығы да заман ағымына қарай өзгеріп келеді. Бұрын ойыншық құрастыруға әуес болған бүлдіршіндер қазір түрлі бөлшектерден робот жасап, оның қозғалысын бағдарлама арқылы басқаруға талпынып жүр. Бұл – жай ғана ермек емес, баланың ойлау қабілетін дамытып, техника тілін түсінуге жол ашатын маңызды бағыт. Меркі ауданында осы саланың қыр-сырын үйретіп жүрген Жолдасбек Бахадырұлы балалардың бойындағы ізденіске деген құлшынысты қолдауды мақсат еткен.

Ол екі жылдан бері робототехника үйірмесін жүргізіп келеді. Мұнда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап 15 жасқа дейінгі оқушыларға дейін білім алады. Үйірмеге қатысатын балалардың қатары қалыптасып, техникаға қызығушылық танытқан тұрақты шәкірттер тобы жиналған. Сабақтар балалардың оқу уақытына қарай ұйымдастырылып, күніне екі мезгіл – түске дейін және түстен кейін өткізіледі. Үйірме ақысының қолжетімді болуы да ата-аналарға қолайлы.

Робототехника баланы дайын дүниені пайдаланушы ғана емес, оны жасап көруші болуға үйретеді. Құрастыру кезінде оқушылар бөлшектердің қызметін түсініп, механизмнің қалай жұмыс істейтінін зерттейді. Ал роботты бағдарлама арқылы басқару үшін есептеп, салыстырып, қателікті тауып, оны түзетуге тура келеді. Мұның бәрі баланың логикалық ойлауын, зейінін және шыдамдылығын жетілдіреді. Сонымен бірге математика, физика, информатика сабақтарында алған білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Үйірме бөлмесінде сабаққа қажетті құралдар қарастырылған. Балаларға арналған үстелдер мен орындықтар, планшеттер және робот құрастыруға пайдаланылатын LEGO жиынтықтары бар. Сабақ үстінде оқушылар белгілі бір үлгіні қайталаумен шектелмей, өз ойларын жүзеге асыруға тырысады. Бірі роботтың құрылымына үңілсе, енді бірі оның қозғалысын басқаруға қызығады. Осылайша әр бала өзіне жақын бағытты таңдап, жаңа шешім іздеуге дағдыланады.

Жолдасбек Бахадырұлының бұл іске ден қоюына жеке өміріндегі жағдай да түрткі болған. Бес бала тәрбиелеп отырған әке өз балаларына техникалық білім берудің жолын іздегенде, ауданда мұндай үйірмелердің аз екенін байқапты.

– Өз балаларымды техникалық бағыттағы үйірмелерге бергім келді. Бірақ ауданымызда мұндай мүмкіндік көп емес екен. Содан өзім үйірме ашып, балаларыммен бірге басқа оқушылардың да робототехникамен айналысуына жағдай жасасам деген ой туды, – дейді ол.

Қазір Жолдасбек Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Информатика мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Сонымен қатар «Зерек» жеке бастауыш мектебінде робототехникадан сабақ береді. Тараз қаласында арнайы курстардан өтіп, робототехника жаттықтырушысы ретінде кәсіби даярлығын да жетілдірген. Алған білімін шәкірттерімен бөлісіп, олардың техникаға деген қызығушылығын арттыруға күш салып келеді.

Жас маманның айтуынша, үйірме тәрбиеленушілері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі робототехника жарыстарына қатысып, түрлі марапаттарға ие болған. Кейбір оқушылар шетелде өткен сайыстарда ел намысын қорғап, өзге қатысушылармен тәжірибе алмасқан. Мұндай жарыстар балаларға білгенін сынап көруге, жаңа міндеттерді шешуге және өз мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі.

Алдағы уақытта Жолдасбек шәкірттерін ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды, яғни дрондарды құрастыруға және басқаруға үйретуді көздеп отыр. Бұл – үйірменің жұмысын жаңа бағытта жалғастырып, балалардың техникалық білімін тереңдете түсуге арналған жоспар.

Бұл орайда оған жары Таңшолпан қолдау көрсетіп келеді. Педагог болып еңбек ететін ол жолдасының жұмысына түсіністікпен қарап, шәкірттердің жетістіктеріне ортақ қуаныш білдіреді. Отбасында балалардың білімге құштарлығын оятып, жаңа нәрсені үйренуіне мүмкіндік беруге ерекше мән беріледі.

Техниканың тілін меңгеру баланы бірден мамандық таңдауға міндеттемейді. Ең бастысы – оның бойында білуге құмарлық, іздену және өз идеясын жүзеге асыруға деген талпыныс қалыптасады. Меркідегі робототехника үйірмесінің де көздегені – осы. Бүгін қарапайым бөлшектерден робот құрастырып жүрген өрендердің ертеңгі күні жаңа технологияларды игеріп, ел дамуына үлес қосар маманға айналуына алғашқы қадам осы жерден басталуы мүмкін.