Үміт философиясы немесе біз білетін Бауыржан (эссе)
Атыраудан мақала арқалаған үшбу хат келді. Хат иесі — журналистика ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Нұрым Ерғалиев. Мақала құйрықты жұлдыздай ағып өткен күрескер ақын, Кеңес заманының өзінде қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қуғын-қыспағынан қаймықпай ұлт азаттығы үшін күресіп өткен, қазақтың үш арысы Сәкен, Ілияс, Бейімбет туралы атақты «Қара машина» өлеңімен қоғамды дүр сілкінткен жерлесіміз, жуалылық Бауыржан Үсенов турасында. Студенттік жылдардың қызығы мен шыжығын Бауыржанмен бірге өткізген Нұрым Тельманұлы сол жылдарды, Бауыржанның қайталанбас болмысын, азаматтығы мен сал-серілігін тебірене еске алады.
Мынау дүние-думан дүрмекте несібелері қалың бұқарадан бұйырған бір шоғыр топ қазақтың дархан даласын ән-күйге, сауық-сайранға бөлеп, кенезесі кепкен кер далаға құйып өткен ақ жаңбырдай жүрген жерлерін нұрландырып, бұйығы ауыл адамдарының рухани тынысын ашып, бір серпілтіп тастаушы еді-ау, шіркін! Өңкей бір әлекедей жаланған болмысы бөлек, өнері ерек, тереңнен толғаған ғибыратты сөздері жұртты ұйытқан, айлап, апталап ел кезіп, тұлпар мініп, сары далада құйғытқан сал-серілердің ізі қалған құла түзде бұл күнде дімкәс жандай екі иінінен дем алған алып зауыттардың көмейінен от-жалын бүріккен айлапат мұржалары алыстан менмұндалайды.
Айтарымызды күкірттей көңірсітіп, көңілсіздеу тіркестермен бастағанымызбен бұл таланттарымыз тағдырдан теперіш көріп, асыл өнеріміз тұншықты дегенді білдірмейді. Өз тарихына немқұрайды қарай алмайтын найзағай намысты қаһарман халық барда өршіл өнер тіні үзілмек емес. Кешегі өткен замана бұлбұлдары Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сияқты сал-серілердің сарқыты әлі де жалғасып келеді. Олардың ізбасарларын әр аймақтан табуға болады, тек осынау бекзат өнердің жоқтаушысы жоқ, насихатталуы кемшін. Сән-салтанаты келіскен қымбат мейрамханаларда 5-6 сағатқа созылатын тойлардан шаршап, ұлттық құндылығымыз – қоңыр домбыраның үнін бір естімей, пұшайман болып қайтатынымызды несін жасырайық. Бұрын қай үйге барсаңыз да, төрінде ілулі тұратын қазақтың қара домбырасы бұл күнде тек кәсіби домбырашылардың күнкөріс құралына айналып барады. Домбырасын баптап, түрлі жарыстарға қатысып, жүлде алады, ара-тұра шақырылған тойларға барып, құр қол қайтпайтынын дәтке қуат етеді.
Көркем шығармалардан оқып білгеніміздей, өткен ғасырлардағы сал-серілердің құрамы әралуан. Олардың ішінде Қажымұқан бабамыздай құрыш білектің құдіретін көрсетіп, темірді сымша иіп, небір ғажайыптарын паш еткен ерекше жаратылысты жандар да, аспандағы аққуға үнін қосқан күміс көмей әншілер де, дүлдүл күйшілер де, аузы дуалы ақындар да, сөз ұстаған шешендер мен қиналғанда сөз, қысылғанда жол тапқан көсемдер де, жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылатын сайқымазақтар да, тіпті сиқыршылар да болған. Ал, шапқан сайын еті қызған арғымақтай нағыз жырауларға бір түн аздық етіп, аз-маз үзіліс жасап, келесі күні жалғастыруға мәжбүр болған. Мұндай жыраулар мектебі қазақ даласында әлі күнге дейін сақталған. Жалпы бөле-жармай кең байтақ Қазақстанның қай пұшпағынан да тереңнен шымырлап, көзі ашылмай жатқан хас өнердің кенішін табуға болады. Тек оны кезінде билік басында жүрсе де, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, халқымыздың ұлттық құндылықтарын індете іздеп, құмнан аршып алған өнердің шын жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков сияқты жанкешті оғылан керек-ақ.
Біз білетін Бауыржан
Бұл есім-сой өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басындағы Алматыда білім қуған студент жастардың біразының есінде болса керек. Өйткені ол кезде жоғары оқу орындары арасында тығыз шығармашылық байланыс орнап, таланттарды құрметтеп, бір-біріне қонаққа шақыру, кездесу өткізу дәстүрі бар еді. Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының тумасы Бауыржан Үсенов өзінің сал-серілерге тән ерекше болмысымен, ақжарқын мінезімен, ішкі ақындық қуатымен, жүріс-тұрысымен, тіпті бойына құйып қойғандай киім киісімен де өзгелерден оқшауланып тұратын. Сырттай қарағанда, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннен бір аусайшы. Сұңғақ бойлы, қияқ мұртты, ашаң жүзді жігіттің төресі қайда барса да, ортаның гүліне айналып жүре беретін. Қоңыр домбырасын қағып, қағып жіберіп, әуелете ән салғанда басқа бір тылсым әлемге енгендей ғажайып бір күйге енесің. Саңырауға саңылау тауып, соқыр көзден жас шығаратын сиқырлы әуен бірте-бірте бойыңды дел-сал қылып, дүрс-дүрс соққан жүректерді жүрісінен жаңылдырып, межелі биіктікті бағындырған ұшақтай, көмейден төгілген сұлу да, сырбаз дауыс шырқау шыңға жетіп барып, сәл саябырсиды. Әуезді де, тағдырлы әнге елтіп, сілтідей тұнған тыңдарман дүр сілкінеді.
– Бәуке, тағы, тағы! Салшы «Ақсақ киікке», «Тымырсықты» тыңдамағалы көп болды…
Бар болғаны ҚазМУ-дың журналистика факультетінің екінші курсында оқитын бозбаланың мынадай көзді жұмдырып, құлақты тұндыратын атақ-абыройды, рухани қолдауды қалай салқынқандылықпен көтеріп, жер басып жүргеніне еріксіз таң қаласың. Ондайда Бәукең бәлсінбейді, сәл жымиып қойып, тамағын кенейді.
– Сәкен марқұм Сейфуллиннің аруағы кешірсін, – деп сәл именіп барып Сәкен серінің ізімен өзі жазған «Ақсақ киігін» сарнатады-ай келіп. Тыңдап отырып, жаның түршігеді. Киік қырғынына шыдай алмаған Бетпақдала шашын жұлып, зар илейді. Жылда түбінен лағын өргізетін ықтасынды сексеуілдер де бұл сұмдықты көруге жүзі шыдамай, теріс айналған. Ал, сыр тұнған мөлдір жанары бір нүктеге жасаурай қадалып қалған Бәукең әлі төгіп отыр. Сол сәтте секемшіл ақын жүрегі қандай «соғыс» ашып жатқаны бір өзіне ғана аян.
…Адам мен аң дос деген тіпті өтірік,
Атады вертолеттен тік те тұрып.
Сұлу тәнін пәршелеп ажал оғы
Құлайды сорлы бөкен бүктетіліп…
Қазақ пен киіктің басына бұлт үйірілгелі қашан? Қызыл империяның құрсауынан шыға алмай, қынадай қырылған халқымыз жазықсыз жапа шегіп, қаншама арыстарынан айырылды. Тағдырдан теперіш көріп, басы ауған жаққа үдере көшіп, жолшыбай сай-салада, құлама жартаста сүйектері шашылып қалды. Халқымыздың демографиялық өсімі де күрт азайды. Кейде еркіндік аңсаған даланың киелі жануарлары да қазақпен тағдырлас па деп ойлап қаласың. Олар да бір кездері жер қайыстырып, сахараға сыймай кетсе, қайбір жылдары ұшты-күйлі жоғалады. Үкімет те киікке қатысты екіұшты саясат ұстанады. Бір жылдары киікті атқан адамды он жылға соттаса, бертін келе киіктен қайтіп құтыламыз деп дабыл қағуда. Киіктің өзі де, мүйізі де керек болмай қалып, далада қырылып қалды. Мал арасындағы жұқпалы аурулар да киіктен келген пәле деп «үкім» шығарып қойды.
Адам қолымен жасалған қиянаттан, сұмдықтан жаны жаншылған тыңдарман қауым есеңгіреп қалғандай. Тіпті қол соғамыз ба, әлде соқпаймыз ба, деп қапелімде ойланып қалғандай. Алдымен ес жиған еті тірі біреуі «Тымырсық» деп жасқана тіл қатады. Ол өзі лапылдаған ұшпа сезімі сыртқа теуіп тұрған сылқым сұлудың өзі болса, Бәукең қалай тартынсын. Найзағай жанары жарқ етіп, әлгі арудың жүрегіне «елші» жіберіп, өзінің де аққұба өңі нарттай жанып, домбыраны асықпай қолына алады. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың студенттер арасында «Тымырсық» аталып кеткен өлеңіне жазылған Бауыржанның орындауындағы бұл әнді тыңдау үшін оның ішкі иіріміне терең бойлай алатын тұңғиық сезім, үлкен жүрек керек. Сол студенттік кезімізде «Жарылғапбердінің Шама әнін айту үшін биік әншілік өре, шама керек» дегенді бір өнер зерттеушісінің аузынан естіп едік. Бұл да – тап сол сияқты, кез келгенге кекілінен сипатпайтын тағдырлы ән. Оны қобыз кеудесі күңіреніп автордың өзі орындаса, оның рухани ләззатын сөзбен айтып жеткізу қиын. Мұзарт Мұқағалиды мұңға шомдырып, күрсіндірген, жан азабын шеккізген өлең мәтініне құлақ түріп көрелік:
Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген,
Жақсылық күтем, жақсылық күтем тек сенен.
Жаман бір ойлар жанымды шарпып өтсе егер
Мен жақтан саған суық бір хабар жетсе егер,
Жалғызым менің, қайтер ең?..
Ұшар ма ең қанат байланып,
Қалар ма ең әлде ойланып.
Келер ме ең менің қасыма
Періштем болып айналып…
Басқаны қайдам, ақын осы өлеңді жазып отырғанда қандай сезімде болды екен деген ой әлі күнге дейін мазалайды мені. Қиял қанат қақса, оған ой серік. Небір ойлар бастан өтеді. Тіпті ауыр қылмыс жасағаны үшін соттың соңғы үкімін күтіп отырған сотталушының да сұлбасы көзге елестейді. Сонда да ақын болашақтан үмітін үзбейді. «Көзіңнен аққан дариялардан, көпір сап жаным өткейсің, қалайда жаным жеткейсің», деп үздігеді. Қалт-құлт етіп үлбіреген жапырақ жанын жел өтіне тастағысы жоқ. Бұл өмірге құштар ақын жүрегінің ширығуы, кеудедегі үміт шоғын үрлеген әлсіздеу соғысы дер едік.
Бұл өлең туралы табиғат тылсымдарымен тілдескен танымал қылқалам шебері Тоққожа Қожағұлов былай деп жазады: «Мұқағалидың бұл өлеңі махаббат емес, үміттің философиясы. Көп адам Мұқағалидың бұл өлеңінен махаббатты көреді. Ал, мен мұнда махаббаттан да ауыр нәрсені көремін: адамның үмітпен тірі қалуға жасаған дұғасын. Бұл – сезім емес, жанның соңғы тірегі. Бұл – шөлдеген жанның жанайқайы. Бұл – рухтың кезіп бара жатқан шағы».
Талайлардың жүрегін толқытып, жанын тербеткен осынау тағдырлы әннің авторы сияқты жолы да ауырлау болып тұр. Өйткені бұл ән әлі өз орындаушысын тапқан жоқ. Тараздағы Аманкелді досы Арқадағы Жақсыкелді Сейіловтің орындауындағы «Тымырсықты» таспаға жаздырып алды. Оған да шүкіршілік, әйтеуір ыңылдап жүріп айтсақ та, әннің негізгі әуені құлақта қалады. Ал, өз басым сол әнді бір бөлмеде бірге жатқан Бауыржан досқа талай қолқалап айтқызып, құлағымның құрышын қандырсам да дәл өзіндей орындайтын әншіні әлі кезіктірген емеспін. Менің жеке пайымдауымша, тереңнен тартатын Рамазан Стамғазиевтің құлаққа жағымды қоңыр дауысы Бауыржан табиғатына келіңкірейді.
Беташардың жаңа үлгісі
Әңгіме сал-серілік дәстүр жайлы болғандықтан Бауыржан Үсеновтың әлі де ашылмаған қырлары туралы айтқан ләзім. Жоғарыда Бәукеңмен журфактың жатақханасында бір жылдай бірге тұрғанымды айтып өттім. Біз 1983 жылы екінші курсқа келгенде сайдың тасындай 18 сайыпқыран жігітімізді әскер қатарына алып кетті. Менің жанымдағы Табылды Досымов та жедел жолаяғын жасап, сол дүрмекпен кетіп, алыстағы Германиядан бір-ақ шықты.
Босаған орынға үшінші курс студенті Бауыржан жайғасты. Бірақ екеуміз де той-топырға жақын жүргендіктен бір-бірімізді «жоғалтумен», іздеумен күн өткіздік, десем артық айтқандық емес. Бір күндері ғайыптан тайып, екеуміз де жатақханадағы бөлмемізден табылып, мәре-сәре болып отырамыз. Бауыржансыз студенттер тойы өтпейтіні бұлжымас дағдыға айналды.
Бірде курстасымыз Дәукең, Дәулет Телібаевтың Алматы облысының Асы жайлауында өткен үйлену тойына Алматыдан бір «Икарус» студент тиеліп бардық. Той қызығын айтып уақыт алмайын. Сонда Бәукең сері сол бойда суырып салып, келіннің бетін ашты. Онда айтылған ән қандай, сән қандай? Ақын аузынан түйдектеліп жатқан сиқырлы сөз қандай? Халық мәз. Сонда ғой Бәукеңнің «Ұқсатамыз данаға, сөзі кітап сөзіндей. Білім берген балаға, профессордың өзіндей…», деп сарт еткізгені. Ененің қуанышында шек жоқ. «Қарапайым ауыл мұғалімін профессорға теңеді, қалай тауып айтады», деп тамсанған тойлы ауылдың төбесінде жұлдыздар жамырап, Айдың сүттей жарығы төңіректі нұрға бөлеп тұрған қайта айналып келмес бақытты шақ еді бұл бір.
Айтыстың ақтаңгері
Сол жылдардағы студенттер айтысының да көрігін қыздыратын осы Бәукең еді. Қарсыласын қалайда тұқырту, меселін қайтару, алқалаған ортада жеңіске жету деген қаперіне кіріп шықпайтын. Алла аузыма сөз салса көрерміз, деп ешқандай дайындықсыз үкілі домбырасын ұстап, маңдайы жарқырап ортаға шығатын. Сол сиынған Алласы талай абыройын асқақтатқанына біз куә.
Көбіне-көп студенттер айтысы орын тар болғандықтан жатақхана алдындағы саябақтарда ұйымдастырылады. Кейбір негізгі ақындар айтыста төбе көрсетпей қалып, солар үшін айтыс уақытын бірер сағатқа ауыстыратын кез де болған. Осындайда айтыс десе ішкен асын жерге қоятын, өзі де айтысқа түсетін Ерсайын Жапақ достың аяқастынан шыж-быж болып «бейнеттеніп» қалатыны бар. «Мен олардың қайда екенін білем», дейді де таксилетіп ебіл-себіл тұра шабады. Көп кешікпей буларын бұрқыратып, мықтыларды қасына ілестіріп, үлкен шаруа бітіргендей екі езуі екі құлағына жетіп келіп тұрады. Содан кешігіңкіреп барып, күткен айтыс та басталады. Сонда ғой, филфактың намысын қорғауға келген арқалы ақын, бұл күнде Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржановтың:
Тап боларсың соққыға мертіккендей,
Дандайсып жүрсің бе әлде сен түк көрмей.
Ақын шырақ, сен мені жеңе алмассың,
Бауыржан Үсеновты ертіп келмей, – деп журфактың ақынына шекесінен қарайтыны.
Бұл да болса шын таланттардың бір-бірін мойындайтыны, сөзге қонақ беретіндігінің бір дәлелі. Алаулы, жалаулы жастық шақта бәрі жарасымды еді-ау, шіркін!
Жігітке жеті өнер де аз
«Атың барда жер таны, желіп жүріп» деген тәмсілді жаны жомарт бабаларымыз бекер айтпаған. Тұла бойына өнер тұнған Бауыржан сері де тірлігінде қазақтың жеті қазынасын түгендеп, құйрық-жалын төгілдіріп тұлпар мініп, таңдап сұлу сүйіп, берен мылтық асынып, қансонарда аңға шығып, көкпар тартқанды теріс көрмеген. Ол жайлы Бауыржантанушы, жерлес досы, талантты журналист Аманкелді Әбіл талай естеліктерінде жазды.
– Сырттай өнеріне сүйсініп жүрген әкем Бауыржанды жазғы демалыста жайлауға ертіп келуімді мұқият тапсырды, – дейді Әужекең өткен күндер естелігінің қоламтасын қозғап. – Әкенің айтқаны біздің үйде бұлжымай орындалатын заң іспетті. Сөйтіп сәтін салған күні алтын айдарлы қазақтың аймаңдай азаматы, ақын Бауыржан дос та біздің табалдырықтан аттады. Ауылды бір айналдырып келіп, кешке өзінің арнайы қонақасын бердік. Бәукең де қонақ кәденің жолымен екі-үш қайырып ән салды. Тау баурайында тымық кеште шырқалған ән төңіректі жаңғыртып жатты. Апыл-ғұпыл кебістерін сүйреп жеткен көршілер жапатармағай төрге озып, әнге құлақ түрді. Келіндер жағы киіз үйдің жабығынан сығалап, аяғы салбырап аспаннан түсе қалғандай жігіттің сұлтанына сұқтана қарайды. Сөйтіп Бәукеңнің түн ауғанша салған әсем әнінен сүйегі балқыған қарт Қаратау маужырап, жайлау төріндегі киіз үйдің түңлігі желп-желп етіп тұрып еді-ау, шіркін! Беу дүние-ай десеңші!
Халықтық өнерге құрметпен қарайтын әкемде ес қалмаған. Ертеңіне түс ауа қонақтан бата сұрап, құнан қойды сойып, ат аяғы жетер жерге хабар салды. Ат-әбзелдерін сайлап, делебесі қозған көкпаршылар да таралғылары сартылдап жетіп келді. Бір қарасам, Бәукең «Әужеке, маған да бір белді ат тауып бер», деп желпініп тұр. Сырттай бақылап тұрған әкем «Көлеңкеде байлаулы тұрған көкмойнақты ертте», деп қысқа қайырды. Әулиеата жерінде талай дүбірлі додаға қатысып, қолтығы сөгілген қазанат арқасына қонған азаматтың тақым қуатын сезініп, бірге жалтарып, бірге құлдилай шауып, сойқанды салды дейсің бір. Бағы мен бабы қатар шауып, бұл көкпар додасында көкмойнақтың алдын орайтын қылқұйрықты кездеспеді. Бәукең қарсыластарын алып та жықты, шалып та жықты. Кезекті салымын салып, құйын-перен шауып келіп, қаумалаған жұртшылықтың алдында «әлі де құмарым қанбай тұрғанын қарашы» дегендей қазақы ердің алдыңғы қасына салмақ сала тізгін тартқан тұйғын жігітке «өркенің өссін, құлыным!» деп бата берген халықтың қарасы қалың еді…Ат үстіндегі ардакүрең азаматтың ерге тән сүйекті тұлғасы одан сайын ажарландырып, айбынын асқақтата түскендей еді. Дәл осы қалпында ол сондай бақытты көрінді…
Көкпарда олжа салған көкмойнақты кекілінен бір сипаған әкем «Көлге шомылдырып, терін үгітіп, таң асырып қойыңдар», деген пәрмен берді. Жайлау төрін әнмен әлдилеген жаздың қысқа таңы сібірлеп атып келе жатты.
Түс ауа абыр-сабыр басталды. Үш күн бойы саф өнердің кәусарына қандырған Бауыржандай сері ұлын әкем әлі де қонақтағысы келетін ишарат білдірген, бірақ Бәукең сыпайы түрде ұсыныстан бас тартты. Жөн білетін әкем жарықтық қонақтың бұйымтайын сұрады. Көп ұзамай судың тұнығын, сұлының құнарын беріп баптаған әкемнің төл аты – көкмойнақ қонақтың алдына көлденең тартылды. Бауыржан болса «Сізді жаяу қалдырғандай болмайын, алмаймын да, алмаймын», деп азар да безер болды. Бірақ әкем екі сөйлемейтін кісі. Жанары шоқтай жанған сері жігіт көкмойнаққа лып етіп, қонжия қалды. Текті жануар да тақымы үйреніп қалған жаңа қожайынымен тілдескендей құлағын қайшылап, күмбір-күмбір кісінеп, тұяғымен жер тарпыды. Оюлы ағаш аяқққа мәймілдете толырылған қысырақтың қымызын ат үстінде отырып, төбесіне төңкере салған Бауыржан ақ жұққан аузын жеңімен бір сүртіп, «шу, жануар» деп тақым қысты. Шыға сала көңілі тасып, Сәкеннің «Тау ішінде» әнін тебірене шырқағанда тау теңселгендей болды. Сөйтіп, жастайынан ат құлағында ойнап өскен Бауыржан сері екі елдің ортасын бөліп жатқан қырғыз Алатауынан қиялай өтіп, іңір қараңғысында өзінің атакүлдігіне аман-есен жеткен еді.
Мынау жақандану заманында жылқының да басынан бағы ұшты. Ешқандай ерекше күтімді қажет етпейтін, түз тағысы саналған жылқыға жаңа қазақтар шытырлаған ақша, толағай табыс көзі деп қарайды. Ойланбастан пышаққа қиятын соғым малы деп есептейтіндер де бар. Аттың орынына темір тұлпар мінгізу, жаппай байлық жарыстыру, бақталастық белең алған. Мұның соңы жақсылыққа апармайды.
«Қара машина» қасіреті
Шын ақын өз заманының жаршысы, жоқшысы, қоғамдық ойдың қозғаушысы болуға тиіс. Махамбет бабамыздай қаһарлы ханнан сескенбей, шындықты шыжғырып бетке басатын өлеңдер биліктің көңіл күй ауанын бұзатыны сөзсіз. Бауыржанның да мұндай құйрығына қоңырау байлаған өлеңдері баршылық. Әсіресе, сол кездің өлшемімен жабық тақырып болып саналатын «Қара машина» өлеңі үшін ақын біраз қудалау көргенінен, тіпті оқудан шеттетілгенінен де хабардармыз. Айтар ойын астарлап жеткізген ақынның өлеңінен ілік іздегендер біраз әуре-сарсаңға салды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Бұлыңғыр болашағы туралы ойлағанда шақшадай басы шарадай болды.
Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкейімде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем бір күні,
Қара машина ап кетердей сескенем, деп қайран ақын шарасыздық танытады.
Бірде Бауыржан бір аптадай із-түзсіз жоғалып кетті. Бәлкім филфактағы болашақ жары Гаухар білетін болар, бірақ мен білмеймін. Екінді мен ақшам арасындағы апақ-сапақта Бауыржан бөлмеге кіріп келді. Түрі өрт сөндіргендей. Жарытып ештеңе айтпады.
– Ой, Нұреке, менің қайда жүргенімді білмейсің ғой, білмей-ақ қой. Бішкекке самолетпен бір емес екі қайыра барып келдім, – деді біртүрлі сүлесоқ қалпы. Білмеймін неге екенін, дәл сол сәтте менің ойыма сол кездері кинотеатрларда жүріп жатқан, қырғыздар түсірген «Арландар апаны» фильмі, ондағы басты рөлді сомдаған талантты актер Талғат Нығыматуллин оралды. Сондай бір теперіш көріп жүруден сау ма?.. Бәлкім, айыр қалпақты ағайындар бекзат болмысты жігіттің сұлтанына киноға түсуге ұсыныс жасады ма екен? Бәрі де мүмкін…
Қапелімде төсегіне жатпай, столының айналасында түртпектеп жүріп алған Бәукең «Ұйықтап қалған жоқсың ба, өлең оқиын», деді жабырқау үнмен. Мен төсегімнен түрегеліп отырдым.
Кеудемде күмбірлеген сөзі қалған,
Доспын деген адамның өзі жалған.
Жолымда сәтсіздіктер қаптап кетті,
Қара мысық секілді көзі жанған.
Қар-мұз жастанған 1986-ның желтоқсанындағы ауыр кезеңдер, қорқау биліктің айуандық әрекеттеріне қарсы тұрам деген арыстай азаматтың денсаулығына зақым келтіргені бәрі көз алдымызда өтті. Осындай рухани зілзалалар ақынның жүрегін жаралап, айықпас дертке шалдықтырды.
Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген,
Бүйрегім түбі мені жеп тынады, дегені айнымай келді. Қас-қағым сәтте өзімен кемді күн дәмдес болып, мен көріп қалған сал-серілердің сарқыты осы Бауыржан жарықтық еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды.
Қазір сал-сері деген ұғымның өзі қолданыстан қалып барады. Оның орынын түнгі клубтарда адамның еркін алып, есінен тандыратын даңғаза, әулекі әуендер басты. Заман азды ма, адам азды ма деп аң-таң болып отырған жәй бар.