Зерделі ұлт – ұлы миссия

0 12

Елімізде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны басталды. Оған қатысуға талап білдірген мекемелердің қатарында Тараз қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебі де бар. Бүгінгі күні мектеп мұғалімдерінің 60 пайызы, ал оқушылардың 80 пайызы, яғни 5-10-сыныптар арасындағы 626 оқушы жобаға қатысуға өтініш білдірген.

Мектептің мәжіліс залында «Кітап оқитын ұлт» марафонының ашылу салтанаты өтті. Оған мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар, кітап сүйер қауым қатысты. Келелі басқосуды мектеп директоры Сәбит Кенесариев ашып, жобаның мақсатымен таныстырды.

– Бүгін мектебімізде үлкен жобаның ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Яғни, «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға бағытталған. Марафонның негізгі мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тілдің дамуына ықпал ету, ойлау қабілеті мен зияткерлік әлеуетті арттыру. Жобаға мектеп мұғалімдерінің жартысынан астамы, ал оқушылардың 80 пайызы қатысуда, – деді мектеп директоры.

Сәбит Кенесариевтың айтуынша, марафонға алтыншы сынып оқушысынан бастап, ата-ана мен зиялы қауым өкілдеріне дейін кез келген азамат қатыса алады. Мұнда жас шектеуі жоқ. Басты талап – кітап оқу. Қатысушылар 330 кітаптан тұратын арнайы тізімнен өз таңдауы бойынша 15 кітап оқып, кейін арнайы тесттер мен квесттерге қатысады. Жалпы жобаның мақсаты – Қазақстан халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тарту. Бұл – отбасы, балалар мен жастарды, кітапханаларды, білім беру және мәдениет ұйымдарын, сондай-ақ бүкіл қоғамды кітап оқу арқылы даму идеясының төңірегіне біріктіретін қозғалыс.

Негізінен «Кітап оқитын ұлт» жобасы «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» атты 7 бағыттан тұрады.

Кеш қонақтары да жиын барысында өз ойларымен бөлісті. Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері Гүлназ Аманкелдиева өз кезегінде кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін арттыратын, рухани дамуына жол ашатын маңызды әдет екеніне тоқталды. Сөйтіп ол кітап оқуда қалай дұрыс кітап таңдауға болатындығымен бөлісті. Ал балалар жазушысы Марат Құлибаев көркем шығарма оқыған бала мейірімді, білімді, көркем, отаншыл болатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар шығармаларға талдау жасай келіп, балаларды жергілікті ақын-жазушылардың да кітабын оқуға шақырды.

Іс-шараға қатысқан ата-аналар мен мұғалімдер де кітап оқудың маңызына тоқталып, өз өмір тәжірибелерімен бөлісті. Оқушыларға кітап оқудың пайдасы туралы айтып, жобаға белсене қатысуға үндеді.