Өмірге үміт сыйлайтын донорлық

0 8

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында гемопоэздік дің жасушалары донорлығының маңызы мен оны дамыту мәселелеріне арналған брифинг өтті. Жиынға облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаров қатысып, сүйек кемігі донорлығының ерекшеліктері, донорлар тіркелімі және қан ауруларымен күрестегі маңызы жөнінде кеңінен айтып берді.

Дүниежүзілік сүйек кемігі донорлары күні жыл сайын қыркүйек айының үшінші сенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл маңызды күн 18 қыркүйекке жоспарланған. Аталған дата 2014 жылдан бері әлемнің 55-тен астам елінде атап өтіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – гемопоэздік дің жасушалары донорлығы туралы қоғамның хабардарлығын арттырып, мұқтаж науқастарға өмір сыйлайтын донорлар қатарын көбейту.

Брифинг барысында Гулам Умаров сүйек кемігінің адам ағзасындағы ерекше маңызына тоқталды. Оның айтуынша, сүйек кемігінің негізгі қызметі – гемопоэз, яғни жаңа қан жасушаларын түзу. Ал гемопоэздік дің жасушалары кейіннен иммундық жүйе жасушаларына, эритроциттерге немесе тромбоциттерге айнала алады.

– Бүгінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау 70-тен астам түрлі ауруды емдеудің ықтимал тиімді тәсілдерінің бірі болып саналады. Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 1200 адамға лейкемия және басқа да қан аурулары диагнозы қойылады. Мұндай науқастардың арасында трансплантацияға мұқтаж жандар да бар, – деді Гулам Умаров.

Маманның сөзінше, дің жасушаларын трансплантациялау ең алдымен қан жасушаларының өндірісіне әсер ететін қатерлі ісік аурулары, оның ішінде лейкемия мен лимфома, сондай-ақ талассемия, апластикалық анемия, орақ жасушалы анемия, Фанкони анемиясы секілді ауыр қан аурулары кезінде қажет болуы мүмкін. Бұдан бөлек, иммун тапшылығының кейбір түрлерін емдеуде де бұл әдістің маңызы зор.

Облыстағы жағдайға келсек, қазіргі таңда қан ауруларына байланысты 72 бала диспансерлік есепте тұр. Оның 7-еуі апластикалық анемиямен ауырса, 65 балаға лейкоз диагнозы қойылған. Лейкозбен ауыратын 12 бала демеуші терапия қабылдап жатыр.

Осындай науқастарға сәйкес донор табу – медицинаның күрделі бағыттарының бірі. Себебі донор мен реципиенттің HLA-фенотиптері, яғни адамның лейкоцит антигендері жүйесі, барынша сәйкес болуы қажет. Туыстық қатысы жоқ екі адамның генотиптерінің сәйкес келу ықтималдығы 1:10 мыңнан 1:1 миллионға дейінгі аралықта болуы мүмкін. Сондықтан қажетті донорды табу кейде ұзақ уақытты талап етеді.

Қазақстандағы гемопоэздік дің жасушалары әлеуетті донорларының тіркелімі 2012 жылы ашылған. Бүгінде онда 15 500-ге жуық әлеуетті донор туралы мәлімет бар. 2018 жылдан бері туыс емес донорлардың қатысуымен 23 аллогендік трансплантация жүргізілген. Оның 18-і қазақстандық, төртеуі ресейлік және біреуі италиялық пациентке жасалған.

Облыстық қан орталығы да тіркелімді толықтыру жұмысына белсенді атсалысып келеді. Соңғы 11 жыл ішінде орталық мамандары регистрге 1201 талдау үлгісін жіберген.

Донор болу үшін кез келген дені сау азамат талаптарға сәйкес келген жағдайда тіркелімге ене алады. Әлеуетті донордың жасы 18-45 аралығында, дене салмағы 50 килограмнан жоғары болуы және созылмалы әрі жұқпалы аурулары болмауы қажет. Ал онкологиялық аурулар, В және С гепатиттері, стенокардия, миокард инфарктісі, туберкулез және аутоиммундық аурулар донорлыққа қарсы көрсетілімдер қатарына жатады.

Донорлар тіркеліміне қосылу үшін жақын маңдағы қан орталығына жүгініп, сауалнама толтырып, ақпараттандырылған келісім беруі керек. Одан кейін типтеу талдауын жүргізу үшін тамырдан небәрі бір пробирка, яғни 6-9 миллилитр қан алынады. Егер болашақта донор мен науқастың фенотиптері сәйкес келсе, тіркелім мамандары донормен байланысады.

Донордан гемопоэздік дің жасушаларын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – аппараттық цитаферез. Бұл жағдайда донор арнайы препаратпен бес күн бойы ынталандырылады. Кейінгі процедура шамамен 4-5 сағатқа созылады. Қан бір қолдағы тамырдан алынып, қажетті жасушаларды бөліп алатын аппараттан өтіп, қайтадан екінші қолдағы тамырға қайтарылады. Жиналған жасушалардың қалпына келуіне шамамен екі апта уақыт қажет.

Халықаралық сүйек кемігі донорлары ассоциациясының дерегіне сәйкес, бүгінде әлем бойынша 40 миллионнан астам әлеуетті донор тіркелген. Жыл сайын бұл қатарға шамамен 2 миллион адам қосылады. Бұл – донорлықтың адам өмірін сақтаудағы маңызының артып келе жатқанын көрсетеді.

– Бір адамның донор болуы басқа бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан қоғамда донорлық мәдениетін қалыптастыру, халыққа оның қауіпсіздігі мен маңызын түсіндіру – басты міндеттердің бірі, – деді спикер.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге гемопоэздік дің жасушалары донорлығына қатысты бірқатар сұрақ қойып, өздерін қызықтырған мәселелерге тұщымды әрі нақты жауаптар алды.