Аса мен Таразды жалғаған жаңа бағыт

0 9

Жолаушылар үшін қатынауды жеңілдетіп, аудан орталығы мен облыс орталығы арасындағы байланысты жақсарту мақсатында жаңа қоғамдық көлік бағыты іске қосылды. 8 қыркүйектен бастап Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы арасында №67 автобус бағыты жолаушыларға қызмет көрсете бастады.

Жаңа бағыт бойынша 14 автобус қатынайды. Көліктер Аса ауылынан шығып, Тараз қаласының Сүлейменов, Жамбыл, Төле би, Желтоқсан, А.Пушкин, А.Асқаров, Абай, Сыпатай батыр және Мәмбет батыр көшелері арқылы жүреді. Автобустардың аралық жиілігі 13-15 минутты құрайды.

Бағытты әзірлеу кезінде тұрғындардың күнделікті қажеттілігі де ескерілген. Аудан әкімдігімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде оқу орындарына, медициналық мекемелерге, сауда нүктелеріне және басқа да әлеуметтік нысандарға жетуге қолайлы маршрут қалыптастырылған.

Жолаушылар үшін жол ақысы қаладағы қолданыстағы тарифке сәйкес 100 теңге болып белгіленді. 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежесімен марапатталған көпбалалы аналар, сондай-ақ I топтағы мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады.

Жаңа бағыттың ашылуы Тараздағы қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары қаладағы жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға, автобустарды жаңартуға және тұрғындарға көрсетілетін қызметті жақсартуға айрықша мән беріліп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспары аясында да жүйелі түрде жүргізілді. Құжатта қалаға жыл сайын кемінде 70 жаңа қоғамдық көлік жеткізу міндеті белгіленген.

Нәтижесінде 2023 жылы 73 автобус алынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 155-ке жетті. 2025 жылы тағы 91 жаңа автобус жеткізілді. Биыл олардың қатарына 25 автобус қосылды. Осылайша, кейінгі жылдары Тараздың қоғамдық көлік паркі 381 жаңа автобуспен толықты.

Автобус паркінің жаңаруы жолаушыларға қызмет көрсету сапасына да оң әсерін тигізіп отыр. Қаладағы жаңа көліктердің үлесі 57 пайыздан 85 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар қоғамдық көліктің жалпы саны 330-дан 522 автобусқа дейін көбейді.

Қала тұрғындарының сұранысын ескере отырып, соңғы уақытта 14 жаңа қоғамдық көлік бағыты ашылды. Қазір тараздықтар 46 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы қызметін пайдалана алады.

№67 бағыттың іске қосылуы Аса ауылы тұрғындарының Таразға қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, Жамбыл ауданы мен облыс орталығы арасындағы көлік байланысын одан әрі нығайта түспек.