Үлгілі ауылдағы игілікті бастама

0 15

Шу ауданына қарасты Балуан Шолақ ауылында тұрғындар үшін тағы бір маңызды нысан ел игілігіне берілді. Енді ауылдың балалары мен жастары бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік алды. Елді мекенде заманауи футбол алаңы, «Street Workout» жаттығу кешені және жүгіруге арналған арнайы жолақ салынды.

Жаңа спорт нысанының бой көтеруіне Балуан Шолақ ауылдық округінің «Үлгілі ауыл» байқауындағы жеңісі негіз болды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді абаттандыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру бағытындағы бастамаларымен сабақтасып отыр.

Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында облысымызда жүзеге асырылып жатқан «Үлгілі ауыл» жобасының маңызы ерекше. Байқау тек ауылдың тазалығы мен көркіне ғана емес, қоғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың ауызбіршілігіне, азаматтық белсенділігіне және елді мекеннің дамуына қосқан үлесіне де мән береді.

Балуан Шолақ ауылдық округі өткен жылы аталған байқауға қатысып, бірқатар талап бойынша жоғары көрсеткіш көрсетті. Ауылдың тазалығы мен жинақылығы, қоғамдық тәртіптің сақталуы және тұрғындардың белсенділігі оң бағаланды. Әсіресе, елді мекенде үш жылға жуық уақыт бойы қылмыстық оқиғалардың тіркелмеуі ауыл тұрғындарының жауапкершілігі мен өзара ынтымағының берік екенін аңғартты. Осының нәтижесінде Балуан Шолақ ауылдық округі «Үлгілі ауыл» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Байқау шартына сәйкес жеңімпаз ауылға облыстық бюджеттен 50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаражат ауыл тұрғындарының ұсынысы мен қажеттілігіне сай игеріліп, спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Нәтижесінде ауылда жаңа футбол алаңы салынып, «Street Workout» кешені орнатылды. Сонымен қатар жеңіл атлетикамен айналысқысы келетін тұрғындарға арналған жүгіру жолағы жасалды.

Жаңа нысандардың ауыл жастары үшін берері мол. Бұған дейін спортпен шұғылдануға мүмкіндік шектеулі болса, енді балалар мен жасөспірімдер бос уақытын пайдалы өткізіп, дене шынықтырумен тұрақты айналыса алады. Мұндай алаңдар саламатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, жастарды ұйымшылдыққа, тәртіпке және белсенді болуға тәрбиелейді. Ауылдың абаттандырылуы мен спорттық инфрақұрылымның жақсаруы – тұрғындардың ортақ іске деген жанашырлығының нәтижесі. Өйткені елді мекеннің көркеюі тек бюджет қаржысына немесе атқарушы органдардың жұмысына ғана емес, сол ауылда тұратын әр азаматтың белсенділігіне байланысты.

Балуан Шолақ ауылының «Үлгілі ауыл» атануы да осыны айқын көрсетіп отыр. Тазалықты сақтап, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарап, туған жердің дамуына үлес қосқан тұрғындардың еңбегі нақты нәтижеге ұласты. Ал жаңа спорт нысаны – сол еңбектің ауыл жұртына ортақ игілік ретінде қайтқан көрінісі.

Бүгінде Балуан Шолақ ауылында балалардың спортқа қызығушылығын арттыруға және тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай қалыптасып келеді. Бұл бастама алдағы уақытта да ауылдың көркеюіне, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізері сөзсіз.