Құрылтай

Азия чемпионатынан жүлдемен оралды

0 9

Спорт – жігер мен қайсарлықты шыңдап, адамды тәртіпке, төзімділікке және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін үлкен мектеп. Бүгінде Жамбыл өңірінде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, жасөспірімдердің түрлі спорт түрлерімен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасалуда. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Жергілікті жас спортшылар республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, өңір абыройын асқақтатып келеді.

Жуырда елорда төрінде жасөспірімдер мен жастар арасында джиу-джитсудан Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Құрлықтық додаға Қазақстанның әр өңірінен және бірқатар шет мемлекеттен келген 27 команда сапындағы 300-ге жуық спортшы қатысып, татамиде шеберліктерін сараға салды.

Айтулы жарыста облысымыздың намысын Тараз қаласындағы №41 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дария Есмұрат қорғады. 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жас спортшы қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Нәтижесінде Дария Азия чемпионатының қола жүлдесін қанжығасына байлады.

– Азия чемпионатында жүлдеге ие болу мен үшін үлкен қуаныш. Бұл жарыс маған мол тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндігімді тағы бір мәрте сынауға жол ашты. Біз чемпионатқа 30 күн бойы күніне екі мезгіл жаттығу жасап, тыңғылықты дайындалдық. Өзімнің негізгі салмағым 60 келі болғанымен, бұл жолы 63 келі салмақтағы спортшылармен белдестім. Әр кездесу оңай болған жоқ. Дегенмен қиындыққа берілмей, бар күшімді салуға тырыстым. Жетістігіме қолдау көрсеткен жаттықтырушыма, ата-анама және жанымнан табылған барша жанға алғыс айтамын. Спорт мектебінің директоры Ердос Төлегенұлына да ерекше ризашылығымды білдіремін. Ал менен кейін спортқа қадам басып келе жатқан жастарға айтарым – ең алдымен өздеріңізге сеніңіздер. Алға қойған мақсатқа жету үшін үздіксіз еңбек етіп, жаттығудан жалықпау керек, – дейді Дария.

Жас спортшыны дүбірлі додаға жеке жаттықтырушысы Фариза Нұрсейітова дайындаған. Жарыс алдындағы дайындыққа ерекше мән беріліп, бір ай көлемінде жүйелі жаттығулар жүргізілген. Дарияның бұл жеңісі – оның табандылығы мен жаттықтырушысының жүйелі еңбегінің нәтижесі. Әсіресе жоғары деңгейдегі жарысқа қысқа мерзім ішінде тыңғылықты дайындалып, өзінен жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетуі жас спортшының жігері мен шеберлігін аңғартады.

Бүгінде жас чемпионның алдында жаңа мақсаттар мен биік белестер тұр. Ал Азия чемпионатындағы қола жүлде – сол үлкен жолдағы маңызды қадамдардың бірі. Спорттағы әрбір жеңіс маңдай термен келетінін ескерсек, Дарияның жетістігі қатарластарына үлгі болары анық. Өйткені спортта жеңіске жетудің басты шарты – талантпен қатар күнделікті еңбек, темірдей тәртіп және өз күшіңе деген сенім. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жас спортшылардың қатары көбейген сайын Жамбылдың спорттағы жетістіктері де арта берері сөзсіз.