Ұлттық байқаудың өңірлік кезеңі қорытындыланды
Әр шаңырақтың өзіндік тарихы, қалыптасқан дәстүрі мен өмірлік ұстанымы бар. Дегенмен барша отбасына ортақ құндылық – татулық пен сыйластық, жауапкершілік пен өзара құрмет. Осындай қасиеттерді берік ұстанып, ұрпағына өнеге көрсетіп жүрген отбасыларды дәріптеу – қоғамдағы ұлттық құндылықтарды нығайтудың маңызды бағыты. Осы орайда облысымызда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланып, үздік деп танылған отбасылар марапатталды.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, байқауда бақ сынаған барлық отбасыларға ризашылығын білдірді. Өңір басшысы өз сөзінде отбасы институтын нығайту, ана мен балаға қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беру мемлекет саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Себебі елдің ертеңі ең алдымен отбасындағы тәрбие мен қалыптасқан құндылықтарға байланысты.
– Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланы қолдауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беруге айрықша мән беріп келеді. Өйткені мықты мемлекет мықты отбасылардан құралады. Әке – отбасының тірегі, ана – шаңырақтың берекесі, ал бала – отбасының болашағы. Осы құндылықтар үйлесім тапқан жерде береке мен бірлік, сыйластық пен сенім орнығады, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі бала тәрбиесі тек ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін де атап өтті. Оның айтуынша, «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттарын ұстану, қоғамға деген құрмет пен жауапкершілікті қалыптастыру ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Баланың үлкенге құрметі, кішіге ізеті, елге және жерге деген сүйіспеншілігі шаңырақтағы тәлім-тәрбиемен қалыптасатыны сөзсіз.
Әулиеата өңірінде отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығына қашанда ерекше мән беріліп келеді. Елге еңбегімен танылып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған тағылымды әулеттер аз емес. Бүгінде Жамбыл облысында 50 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 17 мыңнан астам ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. Әлеуметтік қолдау шаралары да тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Биылдың өзінде 3 007 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 46 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облысымызда 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында байқауға 2 900-ден астам отбасы қатысып, өздерінің өнегелі өмір жолын, отбасылық құндылықтарын және қоғамға қосқан үлесін көрсетті. Биыл Тараз қаласы мен аудан тұрғындарынан байқауға 227 өтінім түсіп, соның ішінен 22 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
Байқауға қатысқан әр отбасының өзіндік тарихы бар. Бірі – ел игілігі жолында адал еңбек етсе, енді бірі кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Білім мен ғылымға, мәдениет пен спортқа, ауыл шаруашылығы мен құқық қорғау саласына үлес қосып жүрген отбасылар да бар. Олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық – отбасы алдындағы жауапкершілік, елге деген сүйіспеншілік және ұрпақ тәрбиесіне деген адалдық.
– Бүгінгі марапат – байқаудағы жеңістің ғана емес, отбасылық құндылықтарды сақтауға, бала тәрбиесіне және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікке қосқан үлестің бағасы. Әр шаңырақта бейбітшілік пен береке, татулық пен молшылық орнасын, – деді облыс әкімі.
Байқаудың өңірлік кезеңінде үшінші орынды Байзақ ауданынан Ақбердиевтер және Тараз қаласынан Сәттібаевтар отбасы иеленді. Екінші орын Жамбыл ауданынан Ерғалиевтер мен Меркі ауданынан Егембердиевтер отбасына бұйырды. Бірінші орынды Тараз қаласының Зайнулиндер отбасы жеңіп алса, байқаудың бас жүлдесі Мойынқұм ауданынан қатысқан Теңізбаевтар әулетіне табысталды.
Жеңімпаздардың қатарында білім беру, спорт, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және ішкі істер салаларында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан отбасылар бар. Олардың әрқайсысы еңбегімен елге қызмет етудің, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қараудың және отбасылық құндылықтарды сақтаудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.
«Мерейлі отбасы» байқауының мәні де осында. Бұл – тек үздік отбасыларды анықтайтын конкурс емес, қоғамға үлгі болатын шаңырақтардың өмір жолын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды жоба. Себебі отбасының берекесі мен бірлігі – қоғамның тұрақтылығының негізі. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеп, ел дамуына үлес қосып отырған әрбір отбасы – мемлекеттің жарқын болашағына қосылған қомақты үлес.
Әулиеата өңірінде осындай өнегелі шаңырақтар көбейіп, әр отбасында татулық пен түсіністік, береке мен молшылық салтанат құра берсе, бұл – барша қоғамның ортақ мерейі.